ЫРҒЫЗБАЙ-

lat: YRǴYZBAI

ру. Құнанбайдың арғы атасының атымен аталған. Бұл ру бас жағына келгенде өзге рулардан аз. Бірақ әрі малды, әрі көптен бері Тобықтыны билеп келе жатқан бай ауылдар. Талай жыл бойы басқаларға қысым көрсетіп, ырқынан шығармай, дегенін істетіп келген. Романда осы рудан шыққан ел жуандарымен бірге жиі аталады. «Құнанбай баласы Ырғызбай руынан. Бұл бас жағына келгенде Жігітектен де, Көтібақтан да аз. Бірақ әрі малды, әрі көптен Тобықтыны билеп-төстеп келе жатқан ауылдар» («Қайтқанда»). «Өзара бірлігі үнемі табыс екенін жете танытқан. Соны ұққалы осы Ырғызбай шетінен бай боп алды. Осымен бар ынтымағын Құнанбайға бағындырған жиырма ауыл дәл бір ұялас бөрідей еді. Қалың Тобықты ішінде ең қолшыл, ең мықты болатын себептері де осы. Кішкене шеңбері берік болған соң, содан арғы маңайдағы аталастан Топай, Торғай, Көтібақты да бұлар өз ынтымағымен тартып, басып алып жүреді. Әнет, Жуантаяқ, Сақ-Тағалақ, Көкше сияқты саны көп, сыбағасы жоқ руларды да өздерінің айналасына қоршау қып, шырғалап, шырмап ұстайды. Ондайлармен Ырғызбай іші бірең-сарандап құда, жекжат боп алып та, «ұзын арқан, кең тұсау» жасайды. Кейде әдейі өздері түртіп, бір бәлеге ұрындырып, одан тағы өздері құтқарып алған боп та бауырына тартады. Соңғы уақытта тіпті ішінен атысып жүретін күндес қатындар да, араздығын сыртқа шығара алмайтын боп алған. Олардың кәрісін де, жасын да қайнысы, не байы, не баласы от басынан әрі шығармай тұншықтырып, басып отырады. Болмағанын не байына, не бір тентек қайнысына сабатып алып, өзгелері «шоқ-шоқ» деп те тұрысады». Сөйтіп аз ауыл Ы-ды өзге жиырма ата бір-бірімен ілік-шатыс, құда-жекжат, туған- туысқан етіп шырмап тастаған («Қат-қабатта»).