Зиялы қауым

lat: Zıaly qaýym

<лат. intelligens> Зиялылар, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды тарихи тұрғыдан түйсінетін, бағалай білетін, әлемдік және ұлттық мәдениет туындыларын талғампаздықпен белсенді игерген, бойында махаббат, ізгілік, әділеттілік сезімдері, басқа жанға, жалпы адамзат баласына сүйіспеншілігі мол, өзгенің ой-пікіріне төзімді, халықтың ақыл-ой, парасаты болып табылатын, жеке тұлғалар шоғыры. Әркім өз саласындағы міндетін таза, ұқыпты орындап жүрсе, саясатқа қосқан үлесі сол. Рас, ресми саясат бірдеңені бүлдіріп, бұрып жатса, з и я л ы  қ а у ы м сырттай бақылай алмайды (“Айқын”). Қазір Қазақстандағы ұлттық-патриоттық ұйымдар мен з и я л ы  қ а у ы м өкілдері тіл мәселесін көтеріп, өзге ұлт өкілдерін де мемлекеттік тілді білуге үндей бастаса, елімізде қаптап кеткен кейбір орыс-славян ұйымдарының өкілдері: “Сіздер алдымен өз ана тілін білмейтін 40 пайыз қазақты жөндеп алыңыз, содан кейін бізге ақыл үйретесіздер” деп, қарсы шабады (“Айқын”). Сондықтан да з и я л ы  қ а у ы м өкілдері, саясаткерлер, ұлт, ел лидерлері, ғалымдар ұлттық идеяны халықтың мақсат-мүддесін бейнелейтін жалпы идеялардың ішінен іріктеп алып, соны ұлттық ұран ретінде алға шығарып, сол мұратты жүзеге асыруға елдің ішкі-сыртқы саясатын бағындыруды көздейміз ме? (“Егемен Қазақстан”).