ЗАМАНДАС

lat: ZAMANDAS

жас мөлшері шамалас, заманы бір, таным-түсініктері жақын жандар дегенді білдіреді. Замандас атауы бір кезеңде қатар өмір сүрген адамдар деген ұғымды да қамтиды. Белгілі бір кезеңде, дәуірде өмір сүргендіктен жас шамасында азды-көпті алшақтыққа қарамастан бірбірін жете танымаса да, туыстық жақындығы болмаса да, өзара бірін-бірі замандас деп жақын тартады. Бұрындары бөтен адамдардың жөн сұраса келе, өзара әзілдесуге көшуін, бір-бірінен сыр тартуы сияқты үрдісті қазақы ортадағы әлеуметтік қатынастың ерекшеліктерінің бірі деуге болады. Мұндай жайтты көшпелі қазақтар, «әзілің жарасса атаңмен ойна» дейтін принцип бойынша, замандастардың арасында болып тұратын және міндетті түрде болуы тиіс құбылыс ретінде түсіндірді. «Қатар-құрбы ішінде замандасқа не жетсін», «Замандасың болмаса тойға барма» деген сөз орамы халық тілінде замандастың әлеуметтік мәнділігінің жоғары екенін көрсетеді.