ЗЕЙІН

lat: ZEIİN

адам санасының қандай да бір өзіне қажетті немесе қызықтырған затқа, құбылысқа немесе іс-әрекетке бағытталуы және шоғырлануы. Сананың бағытталуы деп объектіні таңдап алуды айтамыз, ал сананың бір нәрсеге шоғырлануы дегенде, бұл объектіге қатысы жоқтың бәріне назар аудармауды айтады; зейін адам санасының айналадағы объектілердің, болып жатқан құбылыстар мен үрдістердің ішінен керектісін бөліп алып, соларға тұрақталуы. Шығармашылық жұмыста белгілі бір объектіге зейін қоя білудің маңызы зор. Зейін қоя білу мағлұматшылдық қасиеттің негізі болып табылады. Білім беру үрдісінде зейіннің алатын орны ерекше. Оқыту мен оқуда, жетістікке жету, зерттелетін объектіге зейін қоюдан басталады. Адамның кез келген мақсатты іс-әрекеті зейін арқылы жүзеге асады. Зейіннің келесі түрлері бар: ырықсыз (еріксіз), ырықты (ерікті) және үйреншікті зейін Еріксіз зейін адамның мақсатынсыз-ақ сана заттар мен құбылыстарға бағытталады. Ерікті зейін мақсатты іс-әрекеттерді орындаумен байланысты.