назар, ілтипат, ықылас. І.Зейін дегеніміз — адам санасының қандай да бір өзіне қажетті немесе қызықтырған затқа, құбылысқа немесе іс-әрекетке бағытталуы және шоғырлануы. Сананың бағытталуы деп объектіні таңдап алуды айтамыз, ал сананың бір нәрсеге шоғырлануы дегеңде, бұл объектіге қатысы жоқтың бәріне назар аудармауды айтады; 2. Адам санасының айналадағы объектілердің, болып жатқан құбылыстар мен үрдістердің ішінен керектісін бөліп алып, соларға тұрақталуы. Шығармашылық жұмыста белгілі бір объектіге зейін қоя білудің маңызы зор. Зейін қоя білу — мағлұматшылдық қасиеттің негізі болып табылады. Білім беру үрдісінде зейіннің алатын орны ерекше. Оқыту мен оқуда, жетістікке жету, зерттелетін объектіге зейін қоюдан басталады. Адамның кез келген мақсатты іс-әрекеті Зейін арқылы жүзеге асады. Зейіннің келесі түрлері бар: ырықсыз (еріксіз), ырықты (ерікті) және үйреншікті Зейін Еріксіз Зейін адамның мақсатынсыз-ақ сана заттар мен құбылыстарға бағытталады. Ерікті Зейін мақсатты іс-әрекеттерді орындаумен байланысты. Ал үйреншікгі Зейін адамның іс-әрекетінің өмір тәжірибесінде қалыптасып отыратын түрі. Зейін келесі қасиеттерімен сипатталады: көлемі, бөлінуі, шоғырлануы, тұрақтылығы, ауысуы, толқуы. Зейіннің мұндай қасиеттері бір-бірімен тығыз байланысты және іс-әрекет кезінде олардың өзара үйлесімділігі болады. Зейін басқа процестерді сүйемелдейтін субъективтік фактор. Зейінді кейде аттенционалды әрекеттер деп те атайды. Зейін (А.Р. Лурия)— субъектінің қажетті ақпаратты таңдап алу, қимыл-қозғалыстардын таңдамалы бағдарламасын сүйемелдеп қамтамасыз ету және осы бағдарламаның ағымын қадағалау процесі. Зейіннің негізі ретінде тұлғаның кызығушылықтары мен қажеттіліктері, бағдарлары мен бағыттылығы тұрады. С.Л. Рубинштейннің пікірінше, зейінде сананың затпен байланысы көрініс табады. Зейін мен объект өзара әсерде болады. Бір жағынан, зейін затқа немесе объектіге бағытталады, екінші жағынан, объект зейінді өзіне аудартады. Зейіннің нақты бір объектіге бөлінуі субъектіге, яғни адамға ғана байланысты емес, сондай-ак, зейінді тудырған объектінің қасиеттері мен сапаларына да байланысты. Зейіннің оянуы— бағдарлық-зерттеудің бастамасы. В.И. Страховтың тұжырымдауынша, шынайы зейін мен шынайы зейін емеспен қатар, адамда зейінді болып көріну және зейінді емес болып көріну деген қасиеттер кездеседі. Оны ол зейіннің сыртқы формасы мен оның шынайы күйінің кейде сәйкес келмеуімен түсіндіреді. Зейін тітіркендіргіштердің келесі қасиеттерімен ынталандырылады: 1) интенсивтілігі; 2) жаңалығы; 3) аффективтілігі. П.Я. Гальпериннің тұжырымы бойынша: Зейін— бағдарлық-зерттеулік іс-әрекеттің, негізгі шарты. Өзінің қызметі жағынан, зейін өзі бағытталған феноменнің мазмұнын қадағалау болып табылады. Зейінде қадағалау белгілі бір белгі, өлшем, үлгі арқылы жүзеге асады. Ал Л.С. Выготский бойынша, ырықты зейін ұғымдардың, түсінікртердің дамуына байланысты, яғни берілген жайтта қалай әрекет ету қажеттілігін түсінуге, жалпы, жағдайды түсіне білуге байланысты. Адамның психикалық, ұйымдасуының құрылымына сүйене отырып, зейінді: 1) процесс (немесе психикалык, процестің жағы: сенсорлық және т.б.) ретінде; 2) күй (зейіннің шоғырланған күйі) ретінде; 3) тұлғалық қасиет (зейінділік) ретінде анықтауға болады. Зейіннің функциялары —
1) қазіргі сәтте қажетті психологиялық және физиологиялық процестерді белсендіріп, қажетті еместерін тежейді; 2) ортадан келетін ақпараттың мақсатты, ұйымдасқан түрде сұрыпталуын қамтамасыз етеді; 3) белсеңділіктің бір объектіде ұзақ уақыт шоғырлануын қамтамасыз етеді.