ЗЕЙНЕТ

lat: ZEINET

істеген жұмыстың, еңбектің жемісі, игілігі деген мағынаны білдіретін ұғым. Зейнет адамның кәрілік жасқа жеткенде көретін рахаты, қызығы. Дәстүрлі ортада «бейнетіңнің зейнетін көр» деген сөз, кәрілік жасқа жетіп, егде тартқанда бейнеттеніп өсірген бала-шағаңның, мал-жаныңның қызығын, рахатын, игілігін көр дегенді білдіреді. Халқымызда: «Бейнет, бейнет түбі зейнет», «Жасыңда бейнет көрсең, қартайғанда зейнетін көресің» деген мақалдар бар.                                                                                                                                                                  Сонымен қатар машақаты көп болғандықтан, халық арасында зергерлік әшекей бұйымдарды зейнет бұйымдары деп атау үрдісі де кездеседі. Зейнет бұйымдарына қыз-келіншектердің зергерлік әшекейлері ( сырға, білезік, алқа, өңіржиек, жүзік ), ер адамдардың балдақ сақинасы мен күмісті шақшасы, белбеуі, баскиімдеріне тағатын шоқ, жыға, айдар тәрізді алтын-күміспен әшкейленген сәндік бұйымдары жатады. Зергердің, кестешілердің, кілемшілердің, сырмақшылардың т.б. шеберлердің өз бұйымдарын көз жауын алатындай, сәнді етіп дайындау жұмыстары зерлеу, зейнеттеу деп аталады.