ЗОР

lat: ZOR

(пар. зор زور)   

1. Күш, қуат, мықтылық.

Біз мүсәпір, кәпір зор, Үміт қылып жайдық қол («Мұхаммед пайғамбар». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Шұһратым зор емес кісі білер, Зағиппын ризықты Хақтан тілер («Патша Синдбад хикаясы». Бабалар сөзі. 5-том. 2004. 100 томдық).

Зор беру күш салу.

Зор беріп ұрыс қылып жүр, Әр күреңде бір ұлы («Қисса Зарқұм». Бабалар сөзі. 12-том. 2005. 100 томдық).

Зорлау күшею.

Күннен-күнге ұлғайып, Зорлап кетті кеселім («Гүлнәр қыз». Бабалар сөзі. 21-том. 2005. 100 томдық).

2. Ірі, үлкен.

Адамдай үлкендігі зор бақалар, Жауыпты дауыстары жерді жарып («Әбуғалисина, Әбілхарис». Дастандар, 1990).

Аға алдын ахиретте көре алмаймын, Ағаның зор күнә-дүр жүзін баспақ («Қисса Ғауазхан». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

Зор афған үлкен қайғы.

Ләйліге бұл опаты себеп болып, Күйінішті әшкере етті зор афғанды («Қисса Ләйлі Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Зор опат үлкен апат.

Дүниеден кетіпті, Сол атам тауып зор опат («Қарқабат». Бабалар сөзі. 3-том. 2004. 100 томдық). Зор той ұлан-асыр үлкен той. Зор тойыңды қыл енді, Көп ойынды құр енді («Таһир-Зүһра». Ғашықнаме, 1976).