Бұл қос сөздің алдыңғы сыңары заң қытай сөзі де, кейінгісі закон орыс сөзі. Бұлар мағына жағынан бір-біріне өте жақын болғандықтан, қосарлана айтылып, қос сөз ретінде қалыптасып кеткен. Қытай тілінде [6] (ян) деген екі элементті иероглиф «ереже, үлгі, түр, қалып, сорт, стиль, тәсіл» деген мағыналарға ие. Қазақ тіліндегі заң ян сөзінің «ерекше үлгі» деген мағынасында қалыптасып, кейбір тұлғалық өзгерістерге душар болғанын байқау қиын емес. Қытай тілінен біраз сөздер қабылдаған ұйғыр тілінде бұл сөз «франт, фат, сәнқой» деген ауыспалы мағынасында жұмсалады; ұйғыр тілінде өте жиі қолданылатын яңза (түр, сорт) сөзі де дәл осы ян түбіріне цзы есімдік жұрнағын жалғау арқылы жасалған қытай сөзі. Ұйғыр тілінде ян сөзінің « закон» мағынасында қолданылмауына себеп — онда бұл мағынаны білдіретін иран тілдерінен енген қанун, қайдә деген баламалары бар. Қазақ тілінде бұл баламалардың жоқ болуы бірде қытайдың заң (<ян) сөзін, бірде орыстың закон сөзін қолдануына (не қабаттастыра айтуына) итермелеп отыр. Ал закон сөзі де қазақ тіліне революциядан бұрын енген сөз. (Ә. Қайд.)