lat: Zalal
зат есім. 1. Зиян, зарар, кесір.
Ауруға пайда ма, залал ма, онысына қарамай, қай ауру болса мейлі, бұ заманда қазақ тамыр дәрімен емдейді. Халық надан, халықты емдеуші дәрігерлер, ауруханалар қазақ ішінде жоқ деп айтса да болғандай (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Ол сөздің мағынасы біреуге келген пайда, біреуге залал, яки қиянат, зорлық болмау керек, мұнда жақсылық болады (М.Дулатов, Шығ.). Сақтық деген – әрқашан байқап жүрмек, Пайда ма, не залал ма, ескерілмек. Көргенін, естігенін есепке алса, Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Екі иықта қос тамыр, Соны алмаса егер де, Қас болмақ еді адамға. Қолдан келер нәрсе ғой Жібермеспін залалға (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.). Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім, Сегізде залал менен пайда білдім. Айтса да бөтен қазақ жас бала деп, Телегей өзімді-өзім дария білдім (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
2. құқық. Азаматтық құқық бойынша біржеке не заңды тұлғаға екінші бір жеке не заңды тұлғаның құқыққа қарсы әрекетімен келтірілген ақшалай зияны.
Азаматтық кодексі бойынша, құқығы бұзылған жеке не заңды тұлға, заңда немесе шартта көзделген болса, өзіне келтірілген залалдың толық өтелуін талап ете алады (ҚҰЭ).
3. экономикалық. Шығын мен шығасының табыстан (пайдадан) асып түсуі, кәсіпорынға не жеке тұлғаға қаржылай келтірілген зиян.
Залал өндірістік-шаруашылық қызметтің ақырғы қаржы нәтижелері ретіндегі бухгалтерлік баланс бойынша және жекелеген операциялар мен жұмыс телімдері бойынша айқындалады (ҚҰЭ). Залалдың бір бөлігі – айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыптары, ақаулы өнім шығарудан және қаңтарылып бос тұрудан болатын шығасылар өнімінің өзіндік құнына кіреді (Қаз. тілі термин. Экономика.).