lat: Zaman
зат есім. 1. Дәуір, кезең.
Ол заман үш жүз бірге араласқан,
Бағынып еш падишаһқа қарамастан (М.Дулатов, Шығ.).
Дегенмен де Бөкейдің заманында қоныстың таршылығы онша көп сезілген жоқ (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Бұл заманда жан сақтауға, бас қорғауға, тұрмысты түзетуге қалып отырған құрал–өнер,ғылым,қысқаша айтқанда– мәдениет («Абай»).
Саған айтам қазақтың қара көзі,
Басталды ғой заманның жаңа кезі.
Үйрет оған өз тілін, ана тілін,
Басқа тілді үйреніп алады өзі (Т.Молдағалиев, Шақырады көктем).
Көкіректе сайрап тұр, қолымды зам ан байлап тұр (Ә.Бөкейханов, Шығ.).
Құлаш жайса азаттықтың заманы,
Ашылсын де тағдырдың кең қабағы.
Барша қазақ қасиетті төрі ғой
Алматыда Тәуелсіздік алаңы (К.Салықов, Жезкиік).
2. Мерзім, уақыт, кез.
Мәнісі көбірек қазақ тарихына тиісті болса, тілін үйрену, тексеру, тілінен пайдалану осы заман жастары үшін де керек жұмыс (А.Байтұрсынов, Шығ.). Бұл Шораның нәсілі Жалайырдан тараған, Заман екен ол күнде Төре мен ханға қараған (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.).
3. Өмір сүрген уақыт.
Шашылды батырлары, бастан бағы,
Жаншылып тістерінде бас бармағы
Өкінді ол, заманына қарғыс айтып,
Сұп-суық қызыл көзден жас парлады (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).
Қанағат керек бәріне!
Не жақсылар өткен жоқ
Заманында шалқыған.
Не батырлар өткен жоқ
Жер жаңғыртқан даңқынан (Базар жырау, Шығ.).
Өзгеде кегі де жоқ, кеткені де жоқ Қазақстанға әуелі заманның тыныш болғаны керек («Егемен Қазақстан»).
4. Халық, жұрт, ел деген мағынада.
Сен де тұр қатарға Манастың мұрагер ұлы,
Аяулы Шыңғыс ағам-ау, қырғыздың құлагер ұлы.
Халқының жігер-күшіне қаламын жаныған
Азияның заңғар шыңысың заманың таныған (М.Шаханов, Ғасырлар.).
5.тарихи. Белгілі бір уақыттан басталатын күнтізбелік жылдар есебінің жүйесі, жылдар есептемесі, эра.
Араб елдеріндегі жыл есебінің жүйесі хиджра заманы деп аталады, оның дәуірі б.з. 622 жылының 16 шілдесі, жұма, сол күні Мұхаммед Меккеден Мәдинаға келген (ҚҰЭ). Ертедегі халықтар әртүрлі замандарды қолданып келген. Мұндай замандардың белгілілерінің саны 200-ден астам (ҚҰЭ).