(гр. коsmos — ғарыш, Іogos - сөз, ілім) — астрономияның бір саласы. Тұтас әлем ретінде шоғырланған ғарыш пен осы бірегей әлемнің астрономиялық бақылауға алынған бір бөлігін зерттейтін ғылым. Космология жөніндегі алғашқы қарапайым түсініктер сонау ерте кезде-ақ адамдардың дүниедегі өз орнын білуге ұмтылған тұсында пайда болды. Бақылау мәліметтерінің жинақталу барысында және планеталардың шиырланған қозғалысынан тысқары әлемде заңды, ақиқат қозғалыстың болуы мүмкін делінетін, ежелгі философиялық тұжырымдардың нәтижесінде әлемнің геоцентрлік жүйесі жасалды. Кейіннен ол шіркеу мен схоластикаға қарсы ымырасыз күрес жүргізе отырып гелиоцентрлік жүйеге (әлемнің гелиоцентрлік және геоцентрлік жүйесі) айналды. И. Ньютон Бүкіләлемдік тартылыс заңын ашқаннан кейін космологиялық мәселелерге басқаларып өзіне тартатын денелердің шексіз жүйесінің орналасу тәртібі жөніндегі физикалық есеп ретінде қарай бастады. Бұл жерде үлкен қиындықтардың — ғарыштық ең шеткі нүктелері үшін ашылыған бірегей физикалық заңдылықтарды бүкіл ғарышқа қолдануға байланысты (мысалы, Бүкіләлемдік тартылыс заңын орташа тығыздығы нөлге тең шексіз статикалық денелер жүйесінде қолданудан туған) космологиялық парадокстердің туатыны белгілі. Бұл қиындықтарды осы заманғы релятивистік космология, яғни, салыстырмалылық теориясына негізделген космологиялық теория жеңді. Қазіргі кезде ғылымда 20-жылдары физик А. А. Фридманның жалпы салыстырмалылық теориясына негізделген моделі жаппай танылды деуге болады. Қазіргі космологиялық бұл моделдердің мәні мынада: олар метагалактиканың құрылымы және дамуы жөіндегі заңдылықтар туралы түсінік береді және ол шексіз әлемді танып-білу процесіндегі маңызды қадам болып табылады.