(латынша positivus - оңды) - шетел философиясының нақты (эмпирикалық) ғылымдарды нағыз, шынайы білімнің бірден-бір көзі деп жариялайтын және философиялық зерттеудің танымдық маңызын теріске шығаратын бағыты. Позитивизмнің тууы спекулятивтік философияның (мысалы, неміс классикалық идеализмінің) ғылым дамуы алға қойған философиялық мәселелерді шешуге қабілетсіздігіне өзінше бір жауап болды. Басқа да ұшқарылыққа ұрынған позитивизм білім алудың құралы ретіндегі теориялық спекуляцияны, жорамалды мүлдем теріске шығарды. Бұрыңғы философияның мәселелерін, ұғымдары мен қағидаларын болмыс, (мәндер, себептер және т.т. туралы), олардың абстрактілігі жоғары болуының салдарынан тәжірбие арқылы шешіле де, тексеріле де алмайтындығы себепті, позитивизм жалған мағынадан жұрдай болған деп жариялады. Позитивизмнің өзі эмпирикалық ғылымдар сияқты құрылған және солардың методологиясы болып табылатын, принципінде жаңа, "метафизикалық емес" ("позитивистік") философия атағын алудан үміттенді. Мәні жөнінен позитивизм - белгілі бір жағынан ұшқары логикалық тұжырымдарға дейін жеткізілген эмпиризм: ақыры ол үшін білімнің қандайы болса да белгілі формадағы эмпирикалық білім екен, онда ешқандай да спекуляцияның білім болуы мүмкін емес. Бірақ позитивизмнің өзі бұрыңғы философияның тағдырынан арыла алмады, өйткені оның өзінің басты қағидалары (жорамалды теріске шығару, феноменализм) тәжірбие арқылы тексеруге келмейтін, демек, "метафизикалық" болып шықты. Позитивизмнің негізін Конт қалады, "позитивизм" терминін енгізген де сол. Тарихи жағынан позитивизм дамуы үш кезеңге бөлінеді. Біріншісінің өкілдері - Конт, Э.Литтро, И.Лаффит (Франция), Милль, Спенсер (Англия). Гносеология ( таным дамуының үш сатылы заңы) және логика (Милль) мәселелерімен қатар позитивистер социологиядағы маңызды орын берді. (Конт ғылымының негізінде қоғамды өзгерту идеясы, Спенсердің қоғам теориясы). Позитивизмнің екінші кезеңі - эмпириокритицизм 19 ғасырдың 70-90 жылдарында пайда болды және ол ертеректегі позитивизм өкілдері ұстанбаған обьективті нақтылы мәселелерді формалды түрде мойындаудың өзінен де бас тартқан. Мах пен Авенариустың есімдерімен байланысты. Махизмде таным мәселелері субьективизмге ұласатын барып тұрған психологизм тұрғысынан түсіндірілді. Ең жаңа позитивизмнің, яғни неопозитивизмнің пайда болуы мен қалыптасуы Вена үйірмесінің ( О.Нейрат, Карнап, Шлик, Франк және т.б.) және Берлиндегі эмпирикалық философия қоғамының ( Рейхенбах, Ф.Крауа және басқалары) қызметіне байланысты, ол өзіне көптеген бағыттарды:логикалық атомизм, логикалық позитивизм, жалпы семантика осы бағыттарға жақын операционализм, прагматизм бағыттарын біріктірді. Позитивизм осы, үшінші кезеңінде тілдің, символдық логиканың ғылыми зерттеу құрылымының және басқаларының философиялық мәселелері негізгі орын алады. Позитивизм өкілдері психологизмді бекерге шығарып, "ғылым логикасын" математикамен жақындастыру жолына, гносеология мәселелерді формализациялау жолына түсті.