ЖҰМА

lat: JUMA

(ар. жұма جمعة) 1. Жиылыс, жиылу.

2. Аптаның бесінші күні. Үкір таудың басында, жұма күні жолығар, деді де жүріп кетті («Едіге батырдың әңгімесі». Бабалар сөзі. 39-том. 2006. 100 томдық).

Жұма күн түнде зираттан аттанысып барып, бір от жерге түсіп, аттарын жайылысқа жіберіп... («Едіге батырдың әңгімесі». Бабалар сөзі. 39-том. 2006. 100 томдық).

3. Бір апта.

Патшаның мәжілісі бар жұма сайын, Сауық қылып, кеңес қылып жырлайтұғын («Бозторғай». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Кеуліңді әр жұмада қош қылармыз, Көшіріп сауық-сайран, сәнді сарай («Мәулімнияз Едіге». Бабалар сөзі. 39-том. 2006. 100 томдық).

Жұма намаз барлық мұсылмандар жиналып жұма күні оқитын намаз, бұл күн аптаның ішіндегі ең ұлығы болып табылады.

Жұма намаз сүннетін оқыған соң, Уағдаң қане” дейді бала ғаріп («Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Жұмалық жұма күні мешітке беретін садақа.

Әй, ата, жұмалық берші бізге, Молдамызға бергелі керек, деді («Қисса Сейітбаттал». Бабалар сөзі. 16-том. 2005. 100 томдық).

Ата-анасын зиарат бұнлар қылды, Жұмалыққа апарамыз біз” деді («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).