ҚОРҚЫНЫШ

lat: QORQYNYSH

з а т. 1. Бір нәрседен жүрексініп сескенгенде, шошынғанда пайда болатын сезім; қауіпатер, үрей.

Тоғысай құлым едің қасымдағы, Бұл сырдың маған сор ғой ашылмағы. Білсе кек алмайды деп ойламаймын, Қорқыныш, қатерім сол басымдағы (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Бәсе, мен қанатымды қатты қақтым, Көзімді күшің тасып жарқыраттың. Қорқыныш, қонар жер жоқ, қырылмақ ек, Ер Төстік, бұл ақылды қайдан таптың? (К.Әзірбаев, Шығ.).

Ағузу биллах кәрім Рахман Қорқынышым көп, қыламын ахлу ағлам. «Рахман отқа түскен», деп, қылып нағман (әні һылан) Ат қойды сонда өзіне: «ібіліс шайтан» (Мәшһүр- Жүсіп, Шығ.).

2. п с и х о л. Индивидтің биологиялық не әлеуметтік тіршілігіне қатерлі жағдаяттарда туындайтын эмоция.

Тіршілік үшін қауіпті факторлардың нақты әрекетінен болатын ауыру не басқа да зардап түрлерінен болатын ерекше қорқыныш олардан күн ілгері болады (Қаз. тілі. термин. Педагогика.).

Қорқыныш күшейсе, үрейге айналады. Қорқынышты адам қай кезде сезеді? Көрнеу бір азап, қатер, не бір жамандық пәле таянғанда сезінеді (Ж.Аймауытов, Шығ.).