ҚОРҚЫНЫШТЫ

lat: QORQYNYSHTY

с ы н. 1. Кісі шошынарлық, үрейлі, қауіп-қатерлі.

Құдық іші, ешбір сәулесіз қап-қараңғы, сондықтан адамға жер жұтып бара жатқандай қорқынышты сезім пайда болады екен (С.Мұқанов, Есею жыл.).

Шіркін, өмір, қымбатсың ғой, бірақ өлім де онша қорқынышты емес екен. Қасиетсіз өлім ғана қорқынышты (М.Дүйсенов, Гүлжан.).

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын, Арулардың ашпай кеткен сырларын, Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын, Қобызыңның шанағынан тыңдадым (М.Мақатаев, Шығ.).

Қорқынышты емес бұл аса... Өмірім осында өткендей. Таңертең... үйден шыға сап, Соғысқа кіріп кеткендей (C.Жиенбаев, Алтын қалам).

// Адамның зәре-құтын аларлық.

Кішкене баласымен екеуден-екеу бір қорада жалғыз жату алғашқы кезде қорқынышты көрінсе де, жүре-жүре оған да еті үйреніп кеткен (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Қорыққа енгенде Сары балаға өз елінің үйреншікті қоралары көрдей қорқынышты көрінді (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

2. Адам шошырлық (бет-әлпет, дауыс, қимыл).

Бұзау қорқынышты жаман үнмен соңғы рет бір өкірді де, басын шалғылап, жерге тоқпақтай бастады (М.Ысқақбаев, Қырық қыз).

Шұп-шұбар киінген санасыз сайқымазақтар секіріп, балуандар күресіп, ойыншылар да денелерінде бір тал сүйек жоқ сықылды иіліп, майысып, арқанда ойнап, батырлар адам өлтіруге бәсекелесіп, найзаменен сайысып, біреулерін қызыл, біреулерін жасыл түске бояп, біреулерін қорқынышты, біреулерін мазақ қылып, пілдерді шығарып, халық мәз-мейрам болып жатыр (М.Жұмабаев, Шығ.).