ҚУ

lat:

е т. 1. Қашқан нәрсеге жету үшін соңына түсу, жүгіру.

Кез қайда жігіт қуған, қыз жеткізбей, Кімдер бар жүрген оны іздеп біздей. Асыға мен келмесем ендігәрі Кеп жүрер өлеңдерім іздеткізбей (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

Аттан! Ұста, алып кетті! Қу! Жет! деп құйғыта шапқан қалың топ ен даланы айғай-шуға бөлеп келе жатты (Ж.Рсалдин, Ахмет Жұбанов).

Он адамды қалада қалдырып, қаруланған отыз милиционерді алып, Кейкі бандының соңынан қуды (М.Жұмағұлов, Қыран.).

2. Бір жерден кетіру, бездіру, аластау.

Қырқылып неге қалмайсың! Ақаңды анау елден қудың, паналап келген қызды тұтқынға алдың! деді Мәмбетәлі (Ш.Хұсайынов, Үкілі Ыбырай).

«Егер бұл шаһарға шын қожа болғың келсе, қаладан оларды тезірек қу» , деп ақыл берді (I.Есенберлин, Алмас.).

Қарауыл секілді келімсектерді қу дейді, орыстың законын қойып, жұртты атаабаның жолы бойынша қазақтың ескі әдет заңымен биле дейді (Х.Досмұхамедұлы, Аламан.).

3. а у ы с. Бір нәрсеге ынта қою, соңына түсіп іздену.

Мә, қарындаш, қағаз ал. Ойынды аз қу, оқуды көп қу, ұстазыңның айтқанын істе! (Ғ.Мұстафин, Көз көрген).

Дүние қусаң қашар, қашсаң жетер. Өмірді жетемін деп қумa бекер. Дүние ені жалпақ, түбі терең, Көп адам аттай алмай түсіп кетер (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).