ҚУАНЫШ

lat: QÝANYSH

з а т. 1. Бір нәрсеге қуану, масаттанып, риза болу сезімі; шаттық, көңілділік.

Қайта қалың түрік тұқымының бір тарауы болған қазақ жұрты өзінің тұқым-дастарынан кейін қалмасқа тырысып, олармен аяғын тік басуға тағы да төтерек жол тауып, ілгері ұмтылғаны қуаныш емес пе? (М.Дулатов, Шығ.).

Уа, қуаныш қайғыменен жұбай дейді, Үнемі қуанбассың ұдай дейді, Пәлеме риза, қазама сабыр етпесең, Бір Алла қаһарланып былай дейдіал ақын, Өлеңд.).

Бұл жүрек қуанышқа тойған емес, Сол алғыстан гүлдесін дала мынау. Мұратжан, сабау басты бойдақ емес, Сен пілдей күйеу болдың, қарағым-ау (М.Шаханов, Ғасырлар.).

Бөлме сонда қуанышқа толады, Айтылады тірлік әні, жол әні. Немересін бір құшақтап әжесі, Науқасынан айыққандай болады (Т.Молдағалиев, Шақырады.).

2. а у ы с. Біреудің көңілге медеу тұтарлық жұбанышы, қызығы, арқа сүйері.

Көкаяқ біздің үйдің қуанышы еді, ақыры қайғысы да содан басталды (Ж.Жұмақанов, Екі жол).

Әр барған сайын ол соңына жаңадан бір-екі жігіт қосып шығатын еді. Серікқалидың жалғыз қуанышы осы (Қ.Исабаев, Соңғы ерлік).

Бұлардың менен кейінгі арқа сүйері, қуанышы сенсің. Сыйла атаң мен әжеңді. Түсіндің бе? (Тұлпар).