ҚУЫРШАҚ

lat: QÝYRSHAQ

з а т. 1. Қыз, бойжеткен, кішкентай бала бейнесіндегі қыз балалар ойыншығы.

Нөкері жоқ, жап-жалғыз Шыға келіп патша қыз, Ұшырасты ханменен. Қуыршаққа қуанған, Балаларша уанған, Жылағанын хан қойды.Байтұрсынов, Шығ.).

Оның қасында қарындасым Жаңыл қуыршағына көйлек тігіп әуреленіп отыр .Сүндетов, Балық аула.).

Көкем маған сыйлады, Жібек жалды құлыншақ. Мамам маған сыйлады, Көзі қара қуыршақ.Қунақова, Ерке.).

2. Осы ойыншықпен ойнайтын ойын.

Балалық шағымда мен де өзге қыздар сияқты қуыршақ ойнадым, оған көйлек тіктім (Береке бастауы).

// Ойыншық сияқты, кіп-кішкентай.

Кіреберіс алаңда биік жарқабақ бар, қабақ бетінде үйме-жүйме орналасқан қуыршақ үйлер.Тарази, Құйрықты.).

Бейне бір терең тұңғиық түбіндегі қуыршақ қала іспеттес («Білім және еңбек»).

3. а у ы с. Әркімнің еркінде кететін, біреудің айтқанын істейтін адам.

Күлгенін, назданғанын сатулы қып, Құр масыл қуыршақ боп, ерін құртпас. Қалаңның назданысы, қылмыңдасы, Бәрі фальшы, ешкімнің ішін жылытпас.Торайғыров, Алаш ұраны).

Жо, әлде кім көрінгеннің айтқанын істейтін қуыршақ дейсіңдер ме?.Дүзенов, Астана.).

// с а я с и . <франц. marionnette> Басқа біреудің, күштердің ырқымен жүріп, еркіне бағынатын адам, ұйым, мемлекет т.б.

Ағылшын монополиясының қуыршақтары олардың айтқанын екі етіп көрген емес («Соц. Қаз.»).

Жарайды, отар болыпсың, кіріптар болыпсың. Бәрі сырттан, жоғарыдан шешіліпті, мұндағы қуыршақ үкіметіңе отарлаушы, өктем халыққа бейім ғана емес, исалмас, тіпті, өз жұртына жау кісілер тағайындалыпты, еріксіз ел амалсыздан бәріне көніпті.Мағауин, Шығ.).

Жағдайдың ушығып жатқанын сезген Ирактың қуыршақ үкіметі де қояр емес. Олар АҚШ әскерлерін әзірге Ирактан шығаруға болмайтынын, ондай жағдайда жаңа қиян-кескі соғыс басталатынын айтып, алқын жатыр («Жас қазақ»).

4. Адам бейнесіндегі мүсін.

Әр кісінің бір сүйері өлген болса, ұлы, қызы немесе аға-інісі оған ұқсатып үйінде бір қуыршақ жасап қояды (Әбілғазы баһадүр, Түрік шежіресі).

Солтүстік Алтайдағы кумандықтарда, шорларда, төлеуіттерде магиялық күші бар деп табынған “әйел құдайы” бейнеленген қуыршақтар да кездеседі («Парасат»).