ФОБ

lat: FOB

Халықаралық теңіз саудасынан пайда болған сауда терминдерінің бірі. Термин ағылшын сөздерінің (Free on Board бортқа еркін) алғашқы әріптерінен құралған. Бұл шарт бойынша тауардың құнына транспорттық және жүкті кеме бортына жеткізу сәтіне дейінгі басқа да шығындар кіреді. Тоннажды сақтандыру, сатылып алынатын тауардың тасымалдануын өз есебімен қамтамасыз ету және теңізбен тасымалдау кезінде оның сақтандырылуын іске асыру міндетін сатып алушы атқарады. Сатушы өз есебімен сатып алушы көрсеткен кеме бортына тауарды тиеуге, ол туралы сатып алушыға хабарлау және оған коносамент жіберуге міндетті. Бір қатар жағдайларда сатушыға теңізбен тасымалдау кезінде өз есебіне және сатып алушының пайдасына жүкті сақтандыру тапсырылуы мүмкін. "ФОБ" мәмілесі бойынша кеме бортына тиегенге дейін тауарды сақтау жауапкершілігі сатушыда болғандықтан ол әдетте бұл тауарды кеме жиегімен қиылысқанға дейін ішкі пункттің қоймасынан бастап сақтандырады. "ФОБ" мәмілесінің шарттары бойынша сатушы өз уақытында мүдделі тұлғаларға теңізбен тасымалдау кезінде тауарды сақтандыру үшін қажет барлық мәліметтерді хабарлап отыру керек. Кері жағдайда теңізбен тасымалдау кезінде тауар сатушының тәуекелінде болып есептелінеді. АҚШ-та "ФОБ" термині кейде тауарды темір жолмен тасымалдау кезінде қолданылады және Еуропа елдерінде "Франко-вагон" ұғымына ұқсас. Сол себепті бір қатар жағдайларда тауарды теңіз жолымен тасымалдау керектігін ерекше атап көрсету үшін АҚШ-та "F.0 B-Vessel", яғни, "ФОБ-кеме" ұғымы қолданылады.