ҚҰЛАҚ

lat: QULAQ

з а т. 1. а н а т.ат. auris> Адам мен омыртқалы жануарлардың есту мүшесі.

Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар Әнді сүйсең менше сүй (Абай, Тол. жин.).

Ауылдан шыққан жалаңаш балалар да құлағына қолын басып-басып алып қозының, қойдың шулаған даусын біресе ашық, біресе күңгірт естіп, у-у дегізіп, санға өзінзі шапалақтап, бір салып, қозының алдына қарай жөнелді (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

Құлағында үлкен сырғасы сілкіне түсіп, жіті қозғалып шай құйып отыр.Әуезов, Абай жолы).

2. а у ы с. Баскиімнің құлақты жауып тұратын бөлігі.

Күлапара басымда пұшпаң тымақ, ішкі бауын өткізген тесік құлақ (Абай, Шығ.).

Тымақ тапты кенелді, Кеңсеге алып жөнелді. Жаман тымақ бүрісіп, Құлақтары құрысып. Шәрке, телпек серік боп Жатты шкапта кұнысып (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Тымақтың құлағын тегіс жымыра байлап алғанбыз.Әуезов, Қараш.).

3. а у ы с. Тұрмыстық заттардың ұстауға арналған жері, тұтқасы.

Бір әйел сары самауырды қос құлағынан көтеріп әкеп, пештің алдына қойды.Ғабдуллин, Өмір.).

Бәрі есімде, далам да, тұрағым да, Тек есте жоқ, Күлдік пе, жыладым ба. Балалық шақ жарбиып жүретұғын Өгіз жеккен соқаның құлағында.Мақатаев, Қарлығашым.).

Түсіндім. Қара қазанның төрт құлағына құр байлап, қамыт қып ки де тарта бер. Айтпағың осы ғой. Солай ма? (Ж.Нәжімеденов, Аспан шақырады).

4 . а у ы с. Музыкалық аспаптың ішегін қатайтатын немесе босататын тетігі.

Естай домбырасын қолына алды, ыңылдата отырып құлағын бұрады, шертіп байқады.Жұмаханов, Жазылм. кітап).

5. к ә с. Бірнеше ауды жалғастырып ұстап тұратын дөңгелек шығыршық.

Мына аудың құлағы түсіп қалыпты.Айтқазин, Кәсіби лексика.).

6. т а р. Түбіртек мағынасында.

Бұл болыс алым жинағанда құлақ (квитансиа) кесіп бермейді екен; ақшаны қазынаға салмайды екен («Қазақ»).

Арам жеп адасқан жүзі қара болыс, жұрт қолында алым құлағы (квитансиа) жоқ деп, алымды елден қайта жинайды («Қазақ»).