ҚҰНДЫЛЫҚ

lat: QUNDYLYQ

з а т. 1. Бәсі қымбаттық, бағалылық.

Кейінгі жылдары, бұлғын терісінің құндылығына байланысты, оны жаңа жерлерге апарып бейімдеу жұмыстары қолға алынды (Ж.Кенжебаев, Халық даналығы).

2. Сапасы жоғарылық, сапалылық.

Онда мұның қазіргі жүнінің аса биязы құндылығы азғындайды, деді ол (С.Бегалин, Уақыт.).

Алдыңғы мақал қойдың терісі мен етінің құндылығын көрсетіп тұр («Қазақст. мект.»).

Шығармаға кірген деректердің көптігі мен құндылығын айтсақ та және сол деректерді автордың белгілі бір хронологиялық ізбен бұра тартпай дұрыс баяндағанын айтсақ та «Бабырнама» өз тұсында туған тарихи еңбектердің көбінен-ақ ілгері тұрады («Қаз. әдеб.»).

3. Пайдалылық, қажеттілік, керектік.

Тұқымның құндылығы оның сорттық және егістік сапасына байланысты анықталады (Овощ өсіруші).

Олардың ғылымға құндылығын белгілеп, алда оны қаза беруге бола ма, жоқ, бұл жұмысты тоқтатамыз ба деген ниет (Н.Баяндин, Құм асты.).

Есептегіш машинаның құндылығы адамның оны дұрыс пайдалана білуіне байланысты (Қ.Жарықбаев, Психология).

4. ф и л о с. Танымның, белгілі бір объектінің адам үшін, топ үшін, қоғам үшін қасиетті деп танылуы.

Қазіргі кезеңде ұлттық, таптық, топтық құндылықтарға қарағанда, жалпыадамзаттық құндылықтар приоритетті (өмір сүру құқы, еңбек ету, білім алу, теңдік, еркіндік, меншік, балаларға деген махаббат, үлкендерді сыйлау, жақыныңа жаның ашу, отансүйгіштік, кәсіпкерлік, қауіпсіздік, адалдық т.б.) маңызға ие болып отыр (Термин. сөзд. Философия.).

5. а у ы с. Маңыздылық, мәнділік.

Әрбір осындай кездесу «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының тарихи құндылығын барған сайын арттыра түседі (А.Сатаев, Ақын ізі).

Тәуелсіз дамуымыздың тәжірибесі көп этносты мемлекетте ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығын сақтаудың баға жетпес құндылығын сан мәрте дәлелдеді («Егемен Қазақстан»).

Журналист-жазушының «Көгілдір таулар» атты айтылмыш кітабының құндылығы оның көркем шығарма болуымен қатар жалпы дүниетануға қосқан үлесінде (I.Омаров, Серпін).