ҚҰРЫЛЫСШЫ

lat: QURYLYSSHY

з а т. 1. Құрылыста жұмыс істейтін адам, құрылыс маманы.

Мынау тұрақсыз, тұрлаусыз дүниеде бәрі де өтпелі, уақытша, қос шебердің қолынан шыққан зат тозар, атағы әлемге әйгілі құрылысшы салған ғажайып ғимарат мүжіліп, күндердің күнінде жермен жексен болар, тау құлар, тау көшер, көл таусыла. (Б.Мұқай, Құлдық ғұмыр).

Құрылысшылардың алдында тауды ығыстыру сияқты ауыр міндет тұрса да, ол ұзақ жолмен жүк тасудан гөрі әрі арзан, әрі оңайға түсті (Ә.Бірмағамбетов, Қазақст. геогр.).

Қазыналы Маңғыстауға қазір жас мамандар, әсіресе, мұнайшылар, химиктер , құрылысшылар , энергетиктер ауадай қажет («Қаз. әдеб.»).

Шешесі байғұс бір құрылысшы шалдың етегінен ұстауға мәжбүр болады (Ө.Қанахин, Жүрек.).

Әр ауылдан он адамнан қосып құрылысшылар тобын құру туралы шешім қабылдады (Ә.Әлімжанов, Махамбет.).

2. т а р. с о в е т. Белгілі бір қоғамға қызмет етуші, соған үлес қосушы.

Біз коммунистік қоғам орнатып жатырмыз. Біздің совет жастары соның белсенді құрылысшысы болуға тиіс (Ш.Өтепов, Ғани.).

Совет әдебиетінің басты кейіпкері коммунизмнің құрылысшысы (Ф.Оразаев, Басты тұлға).