ЛАУАЗЫМ

lat: LAÝAZYM

[ар. لوازم ] з а т. 1. Мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қарулы күштер жүйесінде арнайы құзіреттілікпен тұрақты немесе уақытша билік өкілі қызметін атқаруды жүктейтін өкілеттілік.

Бір адам үш анада сіздей болар,

Бір кісі орын тапса талаппенен.

Балаңыз лайықты лауазымға ,

Гүбірнә қылып қойды графпенен (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Алғашқы қызметі Әулие-Ата уезіндегі ушасткови нашалник болып тұрған. Онан кейін Түркістан генерал-губернаторы кеңсесінде переводшик һәм военни губернатыр қасында шиновник особых порушени лауазымын атқарып тұрған. 1906 жылы Коллежски советник шенінде отставкаға шыққан (М.Дулатов, Шығ.).

1822-ші жыл уставы бойынша һәм ауылнайлыққа ақсүйек заттылар (төрелер) һәм наград алған қара қазақтар ғана сайланатын жол ғана қалып, әлгі айтылған лауазымдарға жасы 25-ке толған, елге қадірі бар һәм басы соттан аман әрбір қазақ сайлануға хақылы болды (А.Байтұрсынұлы, Жаңа низам).

2. Жоғары қызмет, атақ-дәреже.

Басыңа бақыт қонды буын-буын,

Жақсыға тәңірім шашар нұрдың суын.

Iшінде Бес Шектінің батыр жаралған

Дұшпанға жайған адам тілдің уын.

Қалдырып ол

Жарасты лауазыммен

Түсіріп, он сегізде алдың құнын (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Мектеп директоры деген лауазымның өзі-ақ ауыл адамдарының арасында оның орнын әменде төрден сайлап тұрады (Б.Соқпақбаев, Жекпе-жек).

Лауазымы үлкен болғандықтан, капитан Неустроев Рейхстаг ішіндегі ұрыстың басшылығын өз қолына алды («Қаз. әдеб.»).