МА

lat: MA

е с і м. 1. Біреуден бір нәрсе жайлы сұрау, сұрақ қою кезінде қолданылатын көмекші сөз.

Жаңа ашылған гүл едім,

Көріне түсіп солам ба?

Сізден жәрдем тілеймін

Көз жасыммен, ағажан,

Күлімдеп көкте жұлдызым

Атар ма екен маған таң?.. (О.Шипин, Дастан.).

Жігіт пе атқа топты жарғызбаған,

Әнеки, көкпар кетті андыздаған.

Дүркіреп тартып берді қуып соны,

Қала ма мұндай кезде қан қызбаған (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Бір кезде халықтың алтын жүзігі едік,

Дарияның толқынды өріне жүзіп едік,

Көнбеген тағдырына пенде бар ма ,

Несіне өткен күнге кіжінелік (Базар жырау, Шығ.).

2. л и н г. Баяндауыш қызметінде айтылған сөздерден кейін, кейде күрделі баяндауыштың ортасында тұрып, сұраулық мағына тудыратын демеулік; ба/бе, па/пе шылауының фонетикалық варианты.

Сұраулы сөйлем: ма, ме, па, пе сұраулы шылаулары, сұрау есімдіктері, болар, шығар, қайтеді сияқты көмекші етістіктердің қатысы, сұрау мағыналы ғой, ау, ше шылаулары, ә, сірә сияқты оқшау сөздер, сұрау интонациясы арқылы жасалады (Қаз. тілі. энцикл.).