МӘҢГІ

lat: MÁŃGİ

үст. 1. Өмір бақи, мәңгілік. Қабірің нұрға толып, рухың мәңгі рахатта болсын, марқұм Абай (М.Дулатов, Шығ.).

Опасыз бір күн өтер дүния жалған,

Ешкім жоқ жалғаншыдан мәңгі қалған.

Абайлар ақылды адам зейіл салып,

Ата-баба өлмесе қайда барған?! (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Кеппестен кетті көзден жасы мәңгі,

Бір сатқын, туа құзғын асыранды.

Көсіліп көк жайлауда отырғанда,

Қапыда қанды қолмен басын алды (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ).

2. Мүлдем, біржола.

Жаны қиналған жас ана қайтып тілге келместен, мәңгі көзін жұмды (Ә.Сәрсенбаев, Толқында.). Көз алды енді мәңгі тұман болды, Жабырлап, жан-жағына қалмақ толды. Баянды балағаттап, ісіп-кеуіп, Бір қалмақ қалды теуіп созған қолды (М.Жұмабаев, Шығ.).

3. Шетсіз, шексіз, бітпейтін, басы бар, соңы жоқ.

Біз білмейміз, нәтижесін ел білмек,

Сенімменен күш жетелеп әлдебір,

Жүрмін егер қолдан келсе бергім кеп

Өзім көрген сұлулыққа мәңгі өмір (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).