МӘРТЕБЕ

lat: MÁRTEBE

[ар. مرتبة ] зат. 1. Абырой-атақ, даңқ.

Жетіп жүр мәртебеге өнер білген,

Аулақ деп біздің халыққа әркім күлген.

Әр жерде біз секілді аз халықтар

Бақыты білімменен өрлеп жүрген (Кердері Әбубәкір, Қазағым).

Сағди жайында оқушыға азды-көпті пікір таратудың өзі әдебиет адамына биік мәртебе десек асыра айтқандық емес (Р.Бердібаев, Гүлстан.).

Жаманның көңілі көкте, жерде басы,

Алыс қой аңғарғанға екі арасы.

Жақсының өзі кішік, ойы биік,

Бірдей ме екеуінің мәртебесі (Жамбыл, Таңд. шығ.).

2. Бақ, дәреже, мақтаныш.

Кәрі апам Мұхтардың асықтан ұтқанын мәртебе көретін (А.Әуезов, Бала Мұхтар).

Дүйсек те, онымен бірге шайқасқан, еліміздің тұс-тұсынан келген жауынгерлер де Жамбыл жырының мына жолдарының тап өздеріне арналғанын мәртебе көретін (Т.Ыдырысов, Жалын. жыл.).

3. ресми. <лат. status> Азаматтың немесе заңды тұлғаның құқығы мен міндеттерінің жиынтығы, сондай-ақ қандай да бір нысанның заңды дәрежесі, қоғамдық рөлі, орны мен маңызын белгілейтін құқықтық жағдайы.

90-ыншы жылдардың басында бір де бір мемлекетаралық шарт болған жоқ, өзара қарыз проблемаларын шешу, сауданы дамыту, ведомстволар мен кәсіпорындар арасында байланыстар орнату, шекара маңындағы облыстардың ынтымақтастығы және, ақырында, Байқоңырдың мәртебесін анықтау қажеттігі туды («Жұлдыз»).