МЕКЕНЖАЙ

lat: MEKENJAI

зат. 1. Қоныстанған орын, тұрақ, жай.

Қысқы, жазғы мекенжай, шабындық, егістік жеріміз, толып жатқан жылқы мен қой бар еді (X.Есенжанов, Ақ Жайық). Сауда-саттық 2001 жылғы 27 желтоқсанда сағат 1500-де мына мекенжайда өткізіледі («Егемен Қазақстан»). Өз бетінше ең алғаш тұрғызған үйі өз үйі, өзінің меншікті мекенжайы болды (Н.Ғабдуллин, Өмір).

2. Елді мекен.

Бекініс Исфахан мекенжайынан қозыкөш қана жер (Ж.Молдағалиев, Алғашқы.). Әріповтың бастауымен әр ауыл өз мекенжайын жасылдандыруға кіріскен (М.Әлімбаев, Тәрбие.).

3. Салынған ғимарат, құрылыс, үй-жай.

Бұл күндер өзіне жаңадан мекенжай салдырып жатқан Әмірбай жұмыс адамдарымен қыстауының басында отырған-ды (К.Оразалин, Абай.).

Міне, туған жер. Әне ауыл. Күз.

Тонап жатсын күз мейлі,

Жапырақтар тіршіліктен тілектерін үзбейді.

Ол тауда отыр, Үңіледі дүрбіге, Үңіледі...

Туған жерде тұрған үйін, мекенжайын іздейді (М.Мақатаев, Шығ.).

Көргенім қарақат көз қырғыз құрбы,

Түсіме түнде түгіл, күндіз кірді.

Мені ойлап күрсінгенде жаңғырыққан

Тау іші мекенжайын білгіздірді (К.Салықов, Жезкиік).