НАН

lat: NAN

[ир. نان ] з а т. 1. Бидай ұнына ашытқы салып, су қосып илеген қамыр.

Ұн әкеп, қол батырып тағы нанға,

Түрің жоқ ренжірге, шағынарға.

Әніңді қоса созып ащы ішекше

Шұбалтылып кірістің бе лағманға? (Ж.Жақыпбаев, Ләйлә).

Көне тәсіл нанды қоламтаға көміп пісіру. Оны қазақтарда көмпеш, көмбе немесе қоламта нан, күлше деген түрлері бар (Д.Қатран, Қаз.ас-тағам.).

2. Ашытқан қамырдан пешке пісірілген төртбұрыш, домалақ пішіндегі құрамында күш-қуат беретін дәрумендері көп тағам .

Біз мұнайлы елміз, бензинге тапшымыз, газымыз да біразға жетеді көгілдір отынға зәруіміз, жерасты байлығымен қоса Құдай Қазақстанға астықты да аямай берген, алайда наны қымбат елге айналдық (“Түркістан”). Ауылдың үлкен-кіші азаматтары бас қосып, кетпен-күректерін алып, жол жиегіндегі арықтарды тазалайтын, ағаш отырғызатын. Ал қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер бидай, жүгері, тары көжелерді және нан мен тоқаштың түр-түрін олардың алдына тартар еді («Жас Алаш»).

3. э т н. Қазақ халқының материалды мәдениетінде барлық астан, тағамдардан қасиеті жоғары саналатын, ас атаулының атасы, негізгісі.

«Шындық Құдайдан да күшті» дегенді де қазақ айтқан. Қазақтың ұғымында жоғарыда тұрған нанды Құранды басып тұрып алуға болады, ал жоғарыда тұрған Құранды нанды басып тұрып алуға болмайды (“Айқын”).

Нанды баспа, киесі атады (“Балдырған”).

Нанды жерге тастама, қиқымын жинап құстарға шаш, сонда әдепті боласың (“Балдырған”).

4. Асылған еттің сорпасына пісіріп, етпен бірге әкелінетін нан шелпек, қамыр, жайма . Әмина еттің нанын салайын деп қамырын жайып жатқан (Д.Сапаров, Өткен күн.).