НӘТИЖЕ

lat: NÁTIJE

[ар. نتيجه ] з а т. 1. Белгілі бір іс-әрекеттен туатын, шығатын қорытынды, түйін.

Үкімет басшысы индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асырудың бір тетігі саналатын корпорацияның жұмыс нәтижесін оң бағалай келіп, корпорация басшылығы алдына ағымдағы және орта мерзімдік кезеңге арналған бірқатар міндеттер қойды («Егемен Қазақстан»).

Мұнда кешігіп тұруға уақытым жоқ, сондықтан берілген минутты босқа өткізбей, уағда етілген сөздің нәтижесіне шықсақ деймін (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Барлық заттар эфирді өзіне шоғырландыруға тырысады. Соның нәтижесінде барлық заттың денесін эфир тұтып тұрады (А.Қалығұлов, Жарық.).

2. Қол жеткізген табыс, жеңіс.

Қазақстан көлемінде Ораз алыс қашықтықтарға жүгірудің шебері еді. Оның нәтижелерін қазір келтіріп жатпаспын. Ол коньки спортының қыр-сырын білмейтін немесе уақыт ерекшелігін бағамдамайтын жандар үшін түкке тұрғысыз болып көрінуі де мүмкін («Жас Алаш»).