НЫСАН

lat: NYSAN

з а т. 1. Белгілі бір зат, бізден тыс өмір сүретін материалдық дүние.

Егжей-тегжейлігі, жалпы көлемі, нысанды сатып алу мерзімі және нысанның орны бойынша талап конкурстық құжаттамада көрсетілген («Егемен Қазақстан»). Саудааттық аукционшының сатылатын нысанды, нысанның қысқаша сипаттамасын, саудааттық өткізу әдісін, бастапқы баға мен бағаны өзгерту қадамы жариялауымен басталады («Егемен Қазақстан»).

2. Бір іс-әрекеттің орны, мекеме, кәсіпорын, шаруашылық не қорғаныс мақсатындағы телім т.б.

Күзеттің негізгі қызметі мемлекеттік, жекеменшік және басқа да нысандарды күзетуі 1995 жылы Президент қол қойған «ішкі істер органдары туралы» Заңда «Күзетке» түрлі нысандарды күзетумен қатар, патрульді полициямен де бірігіп, ұйымдасқан қылмысқа, басқа да заңсыздыққа қарсы күресу құқы берілгені көрсетілген («Жас Алаш»). Ғарыштан көрінетін Жер бетіндегі жалғыз нысан (әрине, адам қолымен тұрғызылғандарын айтамыз ғой) осы Ұлы Қытай қорғаны (С.Абдрахманов, Елдік сыны).

3. ғ ы л. Белгілі бір іс-әрекет бағытталған не зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс.