ОЙЛАУ

lat: OILAÝ

Ойла етістігінің қимыл атауы. 1. Пайымдау, топшылау.

Әйелдік қылма, сөзге байлау керек, Балаға екеуміз де бірдей күйрек. Кімде тұрса баламыз сорлы болмайд, Жалғыз- ақ сол арасын ойлау керек (Ж.Аймауытов, Шығ.). Сүйте-сүйте денеге әбден тартып, Мақтан күйлеп кетеді одан да артық. Жан керегін ойлауға жалқауланып, Ала алмайды өз бойын өзі қайтып? (Ш.Құдайбердиев, Шығ.).

2. Армандау, қиялдау.

Өмірдің қауіпті жағынан гөрі қызықты жағын ойлауды жақсы көретін Көксеген әлгі бір сәтте болған қатерді ойына түсіргісі келмеді (С.Бегалин, Уақыт.).

3. Қамтамасыз ету.

Демократия елдегі тұрақтылықты ойлау, экономикалық өсуге, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасау (“Егемен Қазақстан”).

4. ф и л о с. Объективті қоршаған дүниені субъектінің мақсатқа бағындыра заттың және құбылыстардың маңызды байланыстарын және қатынастарын белсенді бейнелеудің жоғарғы түрі.

Ойлау арқылы жаңа идеялар жасалып, келешек оқиғалар болжанылады (Ор.-қаз. түсі сөздік. Философия).

5. ғ ы л ы м т а н у. Мақсатқа сәйкес және жалпыланған субъектілік танымалдың өмір сүрерлік байланыстары мен құбылыстарының және заттар қатынасының объективті болмысындағы жоғары формасының белсенді көрінісі.

6. б и о л. Адамның алдында тұрған міндеттерді орындауға не тығырықтан шығудың жолдарын саналы түрде табуға бағытталған әрекеттері кезіндегі ми қыртысы қызметінің ең күрделі түрі.

Ойлау дүниені тану мен бейнелеудің ең жоғарғы сатысы. Ойлау процесін түсіндіретін бірнеше қағидалар белгілі (Қаз. тілі термин. Биология).

7. п с и х. Ақиқат дүниенің мида жанама түрде ұғымдар арқылы барлық қасиет, байланыс, қатынастармен бейнеленуі.

Ойлау адамның сезім мүшелері арқылы алынған мәліметтерді өңдей отырып, адамның сезім дүниесінен тыс құбылыстарды танып-білуіне мүмкіндік жасайды. Ойлаудың дамуы әрекетпен байланыстыаз. тілі термин. Педагогика.).

8. ә л е у м. Сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының байланыс-қатынастарының миымызда жалпылай және жанама түрде сөз арқылы бейнеленуі.

Біз тікелей біле алмайтын заттар мен құбылыстарды тек ойлау арқылы ғана білеміз (Әлеуметтану. түс. сөздігі).