Жаны

lat: Jany

етістік. 1. Пышақ, орақ, шалғы сияқты жүзі бар құралдардың жүзін өткірлеу, қайрау.

Бидайық есіме түскенде, әне бір түп қамыстың арғы жағында пішен шауып жатқан ағаларымның шақұр-шұқыр шалғы жанығаны құлағыма келгендей болады (Ө.Қанахин, Жер бас.). Жас ет қазанда былқып пісіп жатыр. Тоқтығұл ет турауға пышағын жанып дайын отыр (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.).

2. Пышақ, бәкі, шаппа сияқты құралдардың жүзін екі жағынан былғарыға ысып, қайрау, тазарту.

Бақтығұл пышақты етігінің қонышына бір-екі жанып жіберіп, от басында тұрған шәугімді еңкейтіп сулап шайып алды (М.Әуезов, Қараш.).

3. ауыспалы мағына. Біреуді біреуге айдап салу, жел беріп қайрау.

Әйелдер бөлмесіндегі кемпірлер арасында күңкіл көбейіп, төрде отырған Биқасапты жани түскендей болды (Ж.Жұмақанов, Жазылм. кітап). Өзіңді жақсылап-ақ қайрадым-ау, Нұрбек, енді Елдосты бір-екі рет жанып жіберу керек. Жаңағы жылы сөздер де есеппен айтылып жатыр (С.Досанов, Қыран.). Әдейі қытығына тиіп, батыра жаныдым. Мұндайда ол қызып тұрып, сырын ақтарып салатын (Қ.Толыбаев, Қайдасың).

4. ауыспалы мағына. Дем беру, жігерлендіру.

Аяздан ащы қариды Азаның удай күйігі. Жігерді бірақ жаниды Жымдасқан халық иығы (М.Әлімбаев, Бал дәурен). Қарсы аламын. Баянсызын танимын, Сезімімді жігеріме жанимын. Содан кейін ақылыма жоқ тыным, Сол қайғының тапқанынша авторын (М.Шаханов, Ғасырлар.).

5. ауыспалы мағына. Өшпенділігін арттыру, қастаса түсу.

Қалған көңіл, қайтейін, налымақшы, Қайда барып, жарқыным, жарымақсың?! Сүт іздеген түртіншек ақ лақсың, Сөйтіп жүріп, кімдерді жанымақсың? (М.Мақатаев, Шығ.). Мұнда өлген арлы жандар, Өр қайратын кекке жанып Жауға атылған армяндар Айыр ұстап, кетпен алып (С.Мәуленов, Таңд. өлеңд.).

6. поэтикалық. Шағылыстыру, жарқылдату.

Күн көкте емес, аяқ астында жатқанда сансыз сәуле шағылысқан толқын кейде жарқ-жарқ қанатын нұрға жаниды (К.Оразалин, Абай.).