Жаңа

lat: Jańa

сын есім. 1. Өңі кетпеген, бұрын ұсталмаған.

Жанбосынның аяғындағы бұжыр табан қара бәтеңке бұрын қолыма түспей, ыза қылғаны үшін енді күн сайын жаңасын киіп шығатын болам (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.). Мыналарға ж а ң а шинель, жаңа етік, ертұрман бер, Жүнісов, деп жарлық етті Мәмбет. (X.Есенжанов, Тар кезең). Жаңаның бәрі жаңа ма? Ескінің бәрі ескі ме? Жаңамыз жанға жаға ма, жол берсе тозған ескіге (М.Әлімбаев, Өшпес от). Тәлім қолына бірер жаңа кітап алса, алдымен соның жазушысымен танысады (Б.Майлин, Шығ.). 2. Тың, соны, өзге, басқа.

Сонау боз төбешіктің бетінде одан бергі ойпатта ін қазған аңшыдай жаңа шахта ашуға кіріскен адамдар көрінеді (Ғ.Мұстафин, Қарағанды). Мүсірәлінің есінде қалған екі статьясы анық Абайдың өзі қолданған, өзі қостырған, тың, жаңа жолға ұқсайды (М.Әуезов, Әр жыл.). Күзгі түн. Тұман сейілді. Өлген жоқ Арман, қан ақты. Осы бір жандай мейірлі Арайлап жаңа таң атты (М.Мақатаев, Шығ.). Тақырып идеядан туады. Тақырыбың жаңа болғанмен идеяң ескі болса, шығармаң да ескі, тақырыбы ескі болғанмен идеясы жаңа болса, шығарма да жаңа (Ғ.Мүсірепов, Суреткер.). Күн батқаннан бергі жерде Бекболаттың екі қайтара жіберген адамдары қызылдар жағына барып, екеуі де жаңа бұйрықтар алып келді (С.Шәріпов, Бекболат).

3. ауыспалы мағына. Бұрын айтылмаған, болмаған (жаңалық).

Бұл сөз төңкеріс болғалы талай айтылып, талай жазылып, иі қанғандай ескі сөз болса да, Ақбала шыт жаңа сөздей қып айтты (Ж.Аймауытов, Шығ.). Сәлемдеме жастарға, Зарым замандастарға. Көкірекке ақыл, көзге ғибрат, Жалынды, жаңа үміт, Адал жүрек, ақ ниет, жамандықтан қашқанға (І.Жансүгіров, Шығ.). Жаңаға жаршы бір елдік Жүгіңді сезген едің сен, Байыңды темір үзерлік От жігер бардай тебінсең (Ә.Сәрсенбаев, Жазылм. кітап).

4. ауыспалы мағына. Ілгері, озық, жоғары.

Ұстазы Сүйінбай ақын қалдырған дәстүрді ілгері дамытып, оны жаңа сатыға көтерген алып Жамбылдың өлеңдері (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). «Топжарған», «Гүлхашима» деген поэмалары өз заманындағы жаңа тұрған тарихи-реалистік, реалистік романтикалық поэмалар болып саналады (Б.Кенжебаев, Қаз. дем. жазушы.). Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесі әдебиетті жаңа белеске көтерді (Р.Нұрғалиев, Күретамыр).

5. Кейінгі, соңғы.

Қала қыздарындай орысша оқығанмен, ауылға кіре бастаған жаңа өмірді, оның жақсы дәстүрін, өнегесін біз де түсіне бастадық қой (І.Есенберлин, Қатерлі.). Ескерер мұны жаңа ұрпақ, Жалынсыз темір қызып ап! Бұлайша кейде жабырқап, Отырар шағың қызық та (Х.Ерғалиев, Күн күмбез). Жаңа жұртта Сәтжан бірнеше елеулі табыстарға ие болмақ (С.Бегалин, Таңд.). Жаңа буынға басты болған ақын патшаның системасына да терең сын айтады (М.Әуезов, Әр жыл.). Ежелден келе жатқан ескі салт бар: «Жаңа жауыңды құртам десең, етің үйренген ескі жауыңмен достас» деген (І.Есенберлин, Алмас.).