Жаңа

lat: Jańa

үстеу. 1. Жуықта, жуырда, жақында.

Көлдің күншығыс жақ жағасынан үлкен қыстау сияқты, жаңа салынған қала көрінеді (С.Сейфуллин, Шығ.). Райдың көбіне-көп Ақбаланың жаңа түскен келіншектей үлбіреп киінген сәнді түріне жыны келді (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер). Жаңа туған сәбиге ең жағымды тағам ана сүті (Е.Оразақов, Дәрігер). Сәуле үстіне барын киіпті. Жаңа түскендей малынып, аузын қиғаштай, еркін, ерке сөйлей келеді (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Он беске жаңа ғана келді менің жасым, Келмейді түндегі ұйқы, батпайды асым. Малды деп, мал секілді шалды көрдім, Құрығандай өзім теңді замандасым (С.Торайғыров, Шығ.).

2. Әлгінде, әлгі бір әзірде.

Абай Дәменжанның шешендігін жаңа байқады (М.Әуезов, Абай жолы). Ел ж а ң а көшіп келген әзірде, құрақтың ішінде, ескі қамыс саңылтырларды судың бетіне жинап үйіп, шағала жұмыртқа салады (Б.Майлин, Шығ.). Үй иесінің әйелі менің алдыма жаңа пісірген қалаш, құс етін, шай әкеліп қойды (Қ.Исабаев, Арман.). Бір жаққа асығып кетіп бара жатқан түрі бар екен, Қалам үшті көріп қайырыла кетті. Қашан келдің бала? Жаңа бір әзірде (Т.Ахтанов, Боран). Оның қасында орамал, сабын көтеріп, жеті-сегіз жасар Жұмабек деген бала келе жатыр. Мұны жаңа әжесі ертіп келген (Қ.Жұмаділов, Көкейкесті).

3. Алғаш рет, жаңа-жаңа, енді-енді.

Шығанақ үйін жаңа көргендей әр нәрсеге байыппен қарайды (Ғ.Мұстафин, Шығанақ). Сұлтан кеткен соң мамам: Өзіңе серік болатын адамды жаңа тапқан екенсің. Бұл сені бір күні батпаққа жығып кетер, деді (Б.Соқпақбаев, Менің атым.). Аттағанда ажалдың сым торынан, Қарға тамып жас қаны сұм оғынан. Жиырма бірге жаңа аяқ басқанында, Әкең мұнда айырылды бір қолынан (С.Мәуленов, Алыс кет.). Нұриланың да жаңа ашыла бастаған қызыл гүлдей үлбіреген еріндері діріл қағып, биік ақ маңдайы қызара қалып еді (Ғ.Мүсірепов, Шығ.). Жаңа көтерілген күн шұғыласына бөленіп самал лебі жыли бастады (С.Бегалин, Мектеп.).