Жаңбырдай

lat: Jańbyrdaı

сын есім. 1. Жаңбыр тәрізді (үсті-үстіне төпеу, бас көтертпеу).

Атыс жаман болды. Таудың басына шығып алып, қазақрыстар мылтықты сатырлатып еді! Жаңбырдай жауды, көзің жамандық көрмесін (Ж.Аймауытов, Шығ.). Қалың оқ жаңбырдай жауып, бас көтерер емес (Б.Момышұлы, Офицер.). Сарбаздар қуа беріп еді, Маңғаздың үй жағынан кенет жаңбырдай оқ жауып қоя бергенде қайта қайтты (М.Жұмағұлов, Қыран.). Сен қашсаң да мен қойман, Арғымағым жебелеп, Енді алдыңнан шығайын, Қаржаңбырдай себелеп (Бес ғасыр.). 2. ауыспалы мағына. Үйіп-төгіп, бастырмалату. Онкүндіктің жабылуына арналған кеште ақ жүректерден айтылған адал тілектер, алғыс сөздер жаңбырдай жауды (С.Мәуленов, Шыңда.). Біздер Күләйға құттықтау сөздерді қардай боратып едік, ол да қарыздар боп қалмай, жаңа жылғы жақсы тілектерін ж а ң б ы р д а й жаудырды (С.Баязитов, Айдарлы.). Алдыңғы хабар рас болып, үйге жаңбырдай жауған жеміс астында, болашақ өмір иелері кіріп келе жатты (Ғ.Қайырбеков, Қарқаралы.).