ӘДЕТ

lat: ÁDET

Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне қойылатын бұлжымас қағидаларға айналған моральдық талаптар, жөн-жосық, жол-жоралғы. Ислам дінін тұтынатын халықтарда шариғатқа қосымша ретінде қолданылады. Әдеттің қоғамдағы басты қызметі тұлғалық қатынастарды адамгершілік нормаларына сәйкес ретке келтіріп отырумен байланысты. Келесі бір мағынасында әдет адамның күнбе-күнгі тіршілік қажетіне байланысты қалыптасқан тұрақты мінез, іс-қимыл ерекшеліктерін білдіреді. Жағымды әдет қоғамдағы тұлғааралық және топаралық үйлесімділік пен ынтымақтастықты арттырудың құралы іспеттес және тұлғаны қайталанылатын шешімдерден босатып, оның әрекетін күрделі мәселелерді шешуге бағыттайды. Қылық пен мінез-құлықтағы теріс әдет адамдық қауымдастық мәдениетіне кері әсерін тигізіп, тұлғалардың берекесін кетіріп және оғаш қылықтарымен өзінің де абыройы мен қадір-қасиетін төмендетеді. Жүріс-тұрыс мәдениеттілігін күнделікті өмірде дәйекті қолдану қазіргі өркениеттіліктің маңызды талабына айналып отыр.