БАЙҚАУ

lat: BAIQAÝ

Белгілі бір мақсат қойып объектіні әдейі қабылдау. Байқау әрі жүйелі, әрі мақсатты үрдіс, арнайы жүргізілген әрекет. Ой жүгірту, зейін қою байқаудағы негізгі әрекеттер. Психологияда байқау кең тараған әдіс, оның мәнісі: зерттеуші басқа адамның іс-әрекетін, оның мінез-құлығын, психикасын, сыртқы көріністерін (қозғалысын, сөйлеген сөзін, мимикасын), оның жүріс-тұрыстарын жүйелі жоспарлы түрде бақылайды, осыған орай ол адамның психикалық үрдістері, жай-күйі және психикалық қасиеттері жөнінде қорытынды жасайды. Белгілі жоспар бойынша жүйелі біраз уақыт бойына зерттелуші адамның психикалық ерекшеліктерін қадағалауды байқау әдісі деп атайды. Байқау әдетте, табиғи жағдайда, зерттелінуші адамның әрекетіне әдейі араласпай-ақ жүргізіледі. Байқау әрі жүйелі, әрі мақсатты үрдіс, арнайы жүргізілген әрекет. Ғылыми байқау кездейсоқ, дұрыс ұйымдастырылмаған және жоспарлы түрде жүргізілмейтін қарапайым байқаудан өзгеше болып келеді. Байқау үрдісінде аса сақ, дәлме-дәл болып, байқалатын объектіге ешқандай бұрмалау жасамау керек. Байқау нәтижелі болып шығуына қажетті кейбір шарттар: 1) байқаудың ұзақ уақыт бойына жүргізілінуің және бір фактінің өзі бірнеше рет қайталанып зерттелінуін қамтамасыз ету; 2) зерттелетін объектіні айқын белгілеу және байқаудың мақсатын түсіне білу қажет. Байқау кезінде адамның мінез-құлқын дұрыс түсіне білудің де маңызы үлкен. Қазіргі кезде күнделікті іс-тәжірибемізде де, белгілі ғылым салаларында да объективтік байқау әдісі қолданылады. Бұл әдістің үш түрі бар: бір түрі мәнді және қызық деп тапқан психологиялық фактілерді анда-санда баяндап отыру. Әдістің мұндай жолын кездейсоқ байқау деп атайды. Екінші түрі нысанаға алынған объектінің қимыл-қозғалыстарын жүйелі түрде үздіксіз байқау. Бұл ұдайы байқау әдісі. Үшінші түрі байқауға алынған объектіге белгілі бір мерзімде назар аударып отыру. Әдістің бұл түрін таңдамалы байқау деп атайды. Осы аталған байқаулардың қандай түріне болса да қойылатын талап байқаушы бақылаған фактілерді баяндап қоюмен қанағат етпей, сол құбылыстардың сырт көрінісіне сүйене отырып, ішкі сыры мен психологиялық мазмұнын ашуға міндетті. Байқау кезінде байқауға алынған объектінің байқау бағдарламасын, жоспарын жасап алу қажет. Әйтпесе, байқаушының зейіні зерттеліп отырылған объектінің екінші бір кездейсоқ сипаттарына ауып кетуі мүмкін, ал мұндай фактілердің жиынтығы арқылы жасалған психологиялық байқау жалған болып шығуы ғажап емес. Байқау кейбір кемшіліктері де бар. Біріншіден, зерттеуші мұнда өзіне керек құбылыстарды әп-сәтте зерттей алмайды да, көп уақытын жіберіп алады. Екіншіден, байқауды әр уақытта тыңғылықты ойлағандай ұйымдастыруға жағдай болмай да қалады.