ойлау

lat: oılaý

объективтік дүниені ұғым ,пікір ,теория және т.б формасында бейнелеудің белсенді процесі; бұл процесс белгілі бір мәселелерді шешумен, шындықты жанама бейнелендіру тәсілдерімен және оларды жалпылаумен байланысты жүзеге асады; айрықша түрде ұйымдасқан материя-мидың жоғарғы жемісі. Ойлаудың материалдық физиологиялық механизмдерін жоғары нерв қызметі физиологиясы зерттейді. Алайда ойлау мимен айырғысыз тығыз байланысты болғанымен, оны бүтіндей физиологиялық аппараттың қызметімен түсіндіруге болмайды. Ойлау биологиялық эволюциямен ғана емес, қоғамдық дамумен де байланысты. Ойлау адамдардың өндірістік қызметінің процесінде туады және шындықты жанама жолмен бейнелендіруді қамтамасыз етеді. Ойлау туу ерекшеліктерді жағынан да, іске асу тәсілі жағынан да, нәтижелері бойынша да қоғамдық сипатта болады. Мұның себебі ойлау адамзат қоғамына ғана тән еңбек және тіл қызметтеріне байланысты өмір сүреді. Сондықтан адам ойы сөйлеумен аса тығыз байланысты жүзеге асып, оның нәтижелері тілде бейнеленеді. Ойлауға абстракция, жалпылау, анализ және синтез сияқты процестер, белгілі бір мәселелер қойып, олардың шешілу жолдарын табу, болжамдар ,идеялар және т.с.с. ұсыну тән. Ойлау процесінің нәтижесінде әрдайым белгілі бір ой пайда болады. Ойлауды шындықты жалпылау түрінде бейнелендіру қабілеті адамның жалпы ұғымдар құру қабілетінен көрінеді.  Ғылыми ұғымдар құру тиісті заңдарды тұжырымдаумен байланысты. Ойлауды шындықты жанама жолмен бейнелендіру қабілеті адамның ой қорытынды, логикалық қорытынды жасауынан, дәлелдеу процесінен көрінеді. Бұл қабілет таным процесінің мүмкіндігін барынша кеңейтеді. Ол тікелей қабылдауға болатын фактілерді талдауға сүйене отырып, сезім мүшелерінің көмегімен қабылдауға болмайтын құбылыстарды танып білуге мүмкіндік береді. Ұығмдар және олардың жүйелері адамзаттың тәжірбиесін бейнелейді, адамдардың жинақталған білімі мен шындықты одан әрі танып білуге негіз болып табылады. Адамның ойлауын әртүрлі ғылымдар (жоғары нерв жүйесінің физиологиясы, логика, кибернетика, психология, гносеология т.б.) және түрліше тәсілдермен зерттейді. Тәжірбие зерттеулердің ішінде соңғы кезде түрліші кибернетикалық құралдардың көмегімен ойлауды модельдеу формасында зерттеу тәсілдерінің ролі артып отыр. Әрбір жеке адамның өмірінде ойлау таза ақыл-ой процесі түрінде өмір сүрмейді, ол басқа психикалық процестермен айырғысыз байланысты болады, яғни адамның тұтас санасынан тәуелсіз өмір сүрмейді. Идеализм ойлауды материядан бөліп тастауға тырысып келді, олардың байланысын мойындағанның өзінде де ойлауды материядан және жеке адам санасынан жоғары тұрған белгісіз бір рухани бастамалардан деп түсіндірді . Қазіргі буржуазиялық философияның бір түрі неопозитивизм ойлау шындықта өмір сүретін процесс екендігін жоққа шығару позициясын ұстайды. Бихеворизмді жақтай отырып, адамның бүкіл тәжірбиесін тікелей байқалатын фактілер ғана деп есептейтін неопозитивизм материямен бірге (әрдайым сезімдік қабылдау фактісі түрінде көрінетін тілге қарағанда) ойлауды жалған деп жариялады. Неопозитивизм тіл ойлаудың өмір сүру формасы, ойды білдіру құралы екенін жоққа шығарады. Шындығында тілді талдау арқылы мидың ойлауды сипаттайтын қасиеттері зертеледі.