Табиғат

lat: Tabıǵat

Өзінің барлық шексіз көптүрлілігімен көрінетін бізді қоршаған дүние. Табиғат санаға тәуелсіз және одан тыс объективтік реалдылық болып саналады.Оның басы да,соңы да болмайды,уақыт пен кеңістікте шексіз үздіксіз қозғалыста және өзгерісте болып отырады.Кейде табиғат деп оның тек бір бөлігін біздің планетамыздың биосферасын атайды.Табиғат дамуынан туындаған биосфера ғана адамның пайда болуына жағдай жасады.Бірақ бұл процестегі шешуші фактор еңбек болып табылады.Қоғамның пайда болуы табиғатты айтарлықтай өзгертеді(ноосфера). Табиғаттың объективті заңдылықтарын танып-біліп, оған арнайы жасалған жабдықтар мен еңбек құралдарының көмегімен әсер ету арқылы адамдар адамзат қоғамының қажетті материалдық игіліктерді алу үшін табиғаттағы заттар мен энергияны пайдаланады.Сөйтіп табиғи орта өзінше «екінші табиғат» деп аталатын, яғни табиғатта дайын күйінде болмайтын заттардың басын біріктіретін және қоғамдық өндіріс процесінде жасалатын жасанды ортамен толықтырылады.Тек табиғат заңдарына сүйеніп табиғи күштер мен процестерді пайдалана отырып, қана адамдар табиғатты өзіне ыңғайлы бағытта өзгертіп, қайта жасай алады. Қоғам мен табиғаттың өзара қатынас дәрежесінің негізгі көрсеткіші өндіргіш күштердің сипаты болып табылады. Ғылыми техникалық революция кезінде табиғатты қорғау, қызметтің өндірістік қызметін планетамыздың ғаламдық табиғи процестерімен рационалды түрде ұштастыру проблемасы өте шиеленіскен жағдайда тұр.