Жарапазан

lat: Jarapazan

зат есім. 1. діни. Ораза айында ауыл аралап, сый-сияпат, садақалар жинап жүріп айтатын салт өлеңі; тұрмыс-салт жырларының дінге байланысты түрі.

Жарапазан «рамазан» деген сөзден шыққан. Ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тұсында тұрып, жарапазан өлеңін айтады (А.Байтұрсынов, Шығ.). Жарапазанның негізгі мақсаты ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Қазақтың өткен кезде дін салтына байланысты туған шығармаларының бірі жарапазан өлеңдері деп аталады (М.Ғабдуллин, Қаз. ауыз әдеб.). Жас шәкірт балалар тілімен айта жөнелген жарапазан естілді (М.Әуезов, Абай). 2. ауыспалы мағына. Мыжыма, бос сөз, құр сарнаушылық. Ланке оның сөзін аяқтатпай, кеңк-кеңк күлді. Сол баяғы жарапазан (Қ.Жұмаділов, Соңғы көш). Білемін, сен Жезтырнақтың үйреткен жарапазанын соғып тұрсың (А.Мекебаев, Жезтырнақ). Осымен айтыс сөзін аяқтайық, Ұзақ сөз мәні болмас жарапазан (Айтыс). Содан бері қақсап келе жатқан жарапазандарың осы ғой? (Ж.Аймауытов, Шығ.).