ҚАДАМ

lat: QADAM

(ар. қадам قدم)   

1. Табан.

2. Адым, аттам.

Қадам басу [ұру, қылу] жүру, адымдау.

Баян жас қойға таман қадам басты, Қойды көріп көзінен төкті жасты («Қозы Көрпеш» (М.Ж.Көпейұлы нұсқасы). Бабалар сөзі. 54-том. 2009. 100 томдық).

Белін қатты байланып, Қайтуға қадам ұрыпты («Қисса Алпамыс». Бабалар сөзі. 34-том. 2006. 100 томдық).

Көрнекті бір ақ орда шетке таман, Баруға соған таман ұрдым қадам («Қарға батыр». Бабалар сөзі. 22-том. 2005. 100 томдық).

Есігін ашайын деп қадам қылды, Аша алмай жұрттың бәрі әзіз болды («Бозжігіт». Бабалар сөзі. 17-том. 2005. 100 томдық).

Қадам-қадам басу тез-тез жүру.

Басайын аяғымды қадам-қадам, Дұшпаннан құтылды ма пері надан («Қисса Қаһарман». Бабалар сөзі. 11-том. 2005. 100 томдық).

Қадам созбау жүрмеу, бармау.

Енді қадам созбады, Жүсіптің жүзін көрсем деп, Зынданның ішін көздеді («Қисса хазірет Жүсіп аләйһиссалам илән Зылиханың мәселесі». Бабалар сөзі. 18-том. 2005. 100 томдық).

Қадамдау адымдау.

Аттан түсіп Қобылан, Қырық қадам жүріп қадамдап («Қобыланды батыр» (Сәдуақас Ділманов нұсқасы). Бабалар сөзі. 37-том. 2006. 100 томдық).

Қадамлау аралау.

Үш күн анда тафарраж қылып жүрдім, деді, Оның бір күн қадамладым мазарыны («Ғазауат сұлтан». Бабалар сөзі. 14-том. 2005. 100 томдық).

Қадамжай баратын орын.

Қадамжай мешіт махалла жердің асты, Ондай жан бұ жаһанда табылмас-ты! («Миркамалалдин ишанға». М.Жүсіп, ІІ-том, 2003).