Жас

lat: Jas

зат есім. 1. Адамның, жан-жануардың, т. б. өмір сүру мезгілін белгілейтін уақыт, жыл саны. Атаға бес жасыңда құлындайсың, Көздің нұры, көңілдің буындайсың. Он жаста ми қатпаған ақылсыз кез, Жақсылық, жамандыққа ұрынбайсың (Ә.Найманбаев, Шығ.). Жангелдінің зарланып, Сондағы айтқан сөзі еді: «Отызға жасым жеткенше, Байдың малы баққаным. Шаңқай түсте шалдығып, Байдың шөбі шапқаным (О.Шипин, Дастан.). Еркекті, біріншіден, бала дейді. Балалық, әр нәрсеге шала дейді. Жиырма-отыз жаста оттай шалқып, Балалық содан әрі қалар дейді (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). 2. психологиялық. Ағза мен тұлға қалыптасуына тән заңдылықтардың жиынтығымен сипатталатын адам дамуының кезеңі. Жас дамудың белгілі бір сатысындағы тұлға құрылымының өзіндік ерекшелігін анықтайтын бірқатар өзгерістер тән болатын сапалық тұрғыдан ерекше кезең болып табылады (Қаз. тілі термин. Педагогика). Жастық психологиялық сипаттамасы тәрбие мен дамудың нақты тарихи жағдайларына қарекет пен қарым-қатынас ерекшеліктеріне орай анықталады (Қаз. тілі термин. Педагогика).