Жасыл

lat: Jasyl

сын есім. 1. Жапырақтың, жас шөптің түсіндей, көк. Толықсыр тоқсан тоғыз қарасаңыз, ішінен нұр шығады қызыл, жасыл. «Тоқыған кілем мұндай, қызың қандай? Апатай, маған сөйле, қылшы-ау фәтіл!» (Ә.Найманбаев, Шығ.). Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай, Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай. Қайыршы, шал-кемпірдей түсі кетіп, Жапырағынан айырылған ағаш, қурай (Абай, Тол. жин.). Сонан соң қар жаудыра қабағымды, Кеттім мен өрлігіммен бала күнгі. Асқар тау арманымды биіктетті, Жасыл көл аймалады жанарымды (М.Шаханов, Ғасырлар.). Біздің ауыл көктем шыға көшетұғын асыға, Ат үстінде дүрілдейтін кәрісі де, жасы да. Бұршақ жауып тұрған шақта жасыл жайлау төрінде Қой соңында кете бардым қалпақ кимей басыма (Т.Молдағалиев, Шақырады.). 2. Қурамаған, сарғаймаған, көк, балауса (шөп, өсімдік). Сонда сен, кәрі Шыңғыстау! «Батыр-ау, ел қарасы көріне ме? Ел қайта қонып қалған ба?» дегендей бағанағыдан гөрі жылы жүзбен жымыңдап сағымданып, жайдары желің жаңа шыққан жасыл көдені бұлаңдатып, қайың мен теректің жапырағын сылдыратып жайқалтып, төскейдегі елге атой бергенде: «Мұнда-мұнда! Бергел-бергел деп шақырғандай болдың-ау (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Кең далам, қалың ағаш, аққан бұлақ, Сүйкімді маған дағы жасыл құрақ. Құсеке, соны ойлашы, суық болса, Қыласың үсіместей қайда тұрақ? (М.Жұмабаев, Шығ.). Жасыл терек, жас қайың Қандай әсем астана. Алмаларға қарады Қызық көріп жас бала (О.Шипин, Дастан.). Сол жандардың шашы ма екен, мына жасыл құрақтар. Сол жандардың көз жасы ма мынау аққан бұлақтар (М.Шаханов, Ғасырлар.).