АШЫҚ

lat: ASHYQ

сын. 1 . Есігі, терезесі, қақпағы, аузы жабылмаған .

Ақ боз үйдің есігі айқара ашық,

Гүлесуде жігіттер тайталасып,

Бота сонда боздаса байлаудағы,

Шұбат ішіп, қалайша жәй табасың?! (2,19).

Шұрқырасып сабақтан тарағанда,

Ішімізді аш тазы жалағанда,

Өкпемізді қолға алып жетуші едік,

Ашық тұрса аңқайып қара қамба (3,242).

Күн бесінге таяу. Кеудесінде әдемі кофта, бұтында шалбар. Айша төсекте кітап оқып жатыр. Терезе ашық (4,219).

2 . Жан-жағы бос тұрған, жалаңаш .

Судың арғы жиегіндегі ашық алаңда төрт-бес күмбез тұр (4,174).

Ашық теңіз бетіндегі ұқсайды аппақ кемеге,

Жасыл бақты жайлап тұрған әлде маңғаз төре ме?!

Қасымызда қатар тұрған көтерілдік төбеге (5,24).

3 . Бұлтсыз, жауын-шашынсыз .

Күн таныс күміс шашы таратылған.

Ай таныс ашық түнде жаңа туған.

Бәрі таныс, бәрін де көргендеймін,

Таныс маған!

Сірә, мен бұрынырақ жаратылған (2,223).

Айсыз, ашық , ызғарлы,

Ырсияды қорқыныштар киіп алып құздарды.

Сай-жыралар көр сияқты үңірейген, үрейлі,

Қарағайлар найзаларын өңменіңе тірейді (2,264).

4 . Айқын, анық; құпия, жасырын емес .

Қайыршының қағып кеттің несібін,

Сүйкімді ұры, еттім бірақ кешірім.

Махаббаттың өкпе, назы ауыр ғой,

Ашық жанжал әлдеқайда тәуір ғой (4,26).

5 . Қою емес ( түс бояуының қанықтығы туралы ) .

Атқанда таң бозарып алтын арай,

Аралап өсімдікті жүрдім талай.

Ашығы сүттен аппақ жалғыз түп гүл,

Алдымнан болды пайда әлдеқалай (1,13).

6 . ауыс. Бүкпесіз, қалтқысыз .

Ашық айтқан сезімді бұрмалама.

Ақиқаттың алдында бүгежектеп,

Тағасыз байталдайын сырғанама.

Тірі жансың айлаң бар, шалымың бар,

Көрсетші қанша сенің қарымың бар (1, 136).

Ғафу ет. Қыз қадірін білмесем де, сөз қадірін білуші ем. Алдарқатпай ашық айтшы, замандас (4,230).

Ортасында оттардың өкшемізді жалаған,

Қауіпсіз мені қозғады жақсы көсем, жан Адам,

Айтты маған ақырын: « Ашық сөйлес, бар оған» (5,48).