Жауапкершілік

lat: Jaýapkershilik

зат есім. 1. Белгілі бір іске жауаптылық, міндеттілік. Сот үкімет адамы болғандықтан, жауапкершілікті сезініп, әдейі шындықты айтып тұрмын (З.Шашкин, Сенім). Қазақ ұлты демократия ісін сақтап қалу және оны нығайту жолындағы жауапкершілік жүгін, өзінің осы жолдағы миссиясын сезіне білсе, ұлтшылдық пен либерализмнің өзара ұштасуы дегеніміз де осы («Жас Алаш»). Қазақ ұлты елде жүріп жатқан демократиялық өзгерістердің табысқа жетуі өз қолдарында екенін және сол жолда мойындарында саяси жауапкершілік жүгі бар екенін сезіне білуі керек («Жас Алаш»). Коллектив өмірі балаларды борыш, жауапкершілікке, ар-ұят сезімдерінің қалыптасуына жақсы әсер етеді (К.Жарықбаев, Психология). 2. педагогикалық. Өмірге, іс-әрекетке ар-ұятпен, аса ұқыптылықпен қараудың белгісі; қабылданған нормалар мен ережелерді орындауы тұрғысынан субъектінің іс-әрекетіне әртүрлі нысанда жүзеге асырылатын бақылау. Тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігі қоғамдық қажеттілікті білдіретін моральдық принциптер мен құқықтық нормаларды саналы түрде сақтаумен сипатталады (Қаз. тілі термин. Педагогика.). Жауапкершілік тұлғаның сипаты ретінде бірлескен іс-әрекет процесінде әлеуметтік құндылықтардың, нормалар мен ережелердің интериоризациялануы нәтижесінде қалыптасады (Қаз. тілі термин. Педагогика). Бірлескен іс-әрекеттегі табыс не сәтсіздік үшін жауапкершілік алуға топтық даму деңгейінің елеулі ықпалы болады (Қаз. тілі термин. Педагогика). 3. Өз әрекеті нәтижесінің алдына қойылған мақсаттарына, қоғам немесе ұжым қабылдаған нормаларға сәйкестігін тұлғаның өзінің түсіне білу қабілеті.