Же

lat: Je

етістік. 1. Тамақтану, қоректену, ауқаттану. Семіз ет жеп отырған қонақтарға мипалау жасап ұсыну да қазақша дәм берудің тағы бір жақсы үлгісі («Парасат»). Суы тұнық шөбі қау, Жалғыз ғана жиен жау Бағланды жеп еті бал, Сары ала қазы, жая, жал, Сапырып қымыз ішкенсің (Дулат Бабатайұлы, Замана.). 2. Жеп қою, қылғыту. Қасқыр жеп бір тоқтысын кетсе байдың Бақыртып кешке дейін сабаған да. Қожайын келе жатса қол қусырып, Бойына ішкен асы тараған ба? (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Адамға адам бенде боп Аузына қарап бағынар. Өз басын ешкім дейтұғын, Нашарларды бас салып Қасқырдай талап жейтұғын. Зорлықпен алған жары бар, Қызды бөліп анадан, Ұлды бөліп бабадан Талайды өстіп қылған зар (Бақтыбай ақын, Жел қобыз). Он күн киіп, Көйлегімді жудырдым. Анама айтып, Арқанға керіп ілдірдім. Бұзаудан қорықтым, Көйлегімді жеп қояр деп. Кім ойлапты Кесапат құйын соғар деп?! (С.Мәуленов, Алыс кет.). 3. Шірітіп жіберу, тот басу, бүлдіру, бұзу. Әлгі шірікшіл өсімдіктер сол өзекті, нәрселерді, өлімтікті жеп күн көреді, Шірікшіл өсімдіктер өлімтік жейтін құрттар сияқты (А.Байтұрсынұлы,.. Тіл құрал). 4. ауыспалы мағына. Алдау, арбау, еңбегін пайдалану, пайда түсіру. Мұнан соң Төремұрат жұрт сұраған, Ғаріпке қамқор болып жемей пара. Солардай халық қамын жеген ерді Күндейміз үйде отырып біз бейшара (Базар жырау, Шығ.). Ешкімнің хақын жемеңдер. Артыңда оның сұрақ бар (Қабан жырау, Алтын қазық). Сен де, туыс, Сен де, таныс, білесің. Автобусқа қуып жетіп мінесің, Кейде тіпті Уақыт болмай қалғанда Жырып жейміз ұйқымыздың үлесін! (Қ.Мырзалиев, Мәңгі майдан). Алдабергеннің кешегі жылға дейін ел арасының жүн-жұрқасы мен тері-терсегін жиып, осы жұртты безбеннен жеп келгені аян (Ә.Нұрпейісов, Қан мен тер). 5. ауыспалы мағына. Іштей күйзелу, өзін-өзі қажау. Міне солай, не істесем де, мен өзімді жеп қоям. Жазғаннан соң Абай құсап жазу керек деп қоям (Қ.Мырзалиев, Ақ отау). Жоқ, енді түгесілді төзім деген, Оңай ма үн шығармай өзін жеген? (X.Ерғалиев, Құрманғазы).