ТҰЙЫҚ

lat: TUIYQ

зат. 1 . Шығар жағы жабық, бітеу.

Бір сайдың тірелдім кеп тұйығына,

Аспан құлап барады иығыма,

Бетім ауған жақпенен безіп келем,

Түсіп алып қойлардың шиырына (1,245).

Шибұттың сай-саласы тұйық келер,

Жатыр ғой тұйықтыққа сыйып нелер.

Ал, Шибұт, сәлемімді ал, қарыздар ем,

Малым жоқ өрісіміде жиып берер (1,274).

2 . ауыс. Өмір жолында кездесетін кедергі, қиыншылық.

Тыңда, досым! Тыңда жүрек жұмбағын,

Мұңды досты есіңе ал тыңдағын.

Мына өмірдің тұйығына тұншығып,

Қайғылану, жабығудан тынбадым (1,24).

Сертіңе сенің жетейін,

Әуре етіп босқа не етейін.

Шынымен ерсең сен маған,

Тұйықтан алып өтейін (1,56).

3 . ауыс. Ашылып сөйлемейтін, бұйығы.

Тіс жарып сөйлеспеген, сырласпаған, бірігіп сабақ та даярласпаған сол бір тұйық бала несі оның (4,112).

Әлде мені Әшір шынымен сүйді ме екен?! Сүйсе, неге тұйық қалды? (4,153).