ҮЛКЕН

lat: ÚLKEN

сын. 1. Әңгіредей, дәу.

Бұрышта жасыл сукно жабылған үлкен үстел үстіндегі құмырада гүл (4,217).

Үйден үлкен адамның телогрейкасына оранған 5-6-лар шамасындағы қыз бала шықты (4,147).

2. Ауқымды, көлемді.

Кім біледі қанша жыл жасарымды?

Ой түбіне жете алмай бас ауырды.

Ойламаймын қайтадан жасаруды,

Үлкен бір кеңес ашып кетсем деп ем,

Жинап алып жырымды-жасағымды (2,158).

Әбділда тұғыры мықты, алған бағыты айқын, үлкен парасат, үлкен ойдың ақыны (4,260).

3. Басты, көрнекті; маңызды, мәнді.

Үлкен бір нәрсе істесем деймін, оны кейін білерсің (4,238).

Осыған қарағанда, біз Жүсіптен үлкен толғаныс, үлкен іс үстінде жүрген ақынды аңғарамыз (4,306).

4. Жауапкершілігі мол, жауапты іс.

Әділетіне бақсақ, алпыс ақынға пікір айту былай тұрсын, бір ғана ақынның бір таңдамалысының өзі де ұяты бар адамға үлкен жүк (4,309).

Ал Сәбиттің өзі болашағына, өзінен кейінгі келер ұрпаққа үлкен сеніммен қарап, үлкен міндет артады (4,305).

5. ауыс. Бұрын туған, жасы үлкен (адам).

Достастым кішісімен, үлкенімен,

Өзімшіл, өжетімен, үркегімен.

Ата қазақ алыста той жасаса,

Алдымен тізіміне тіркері мен (2,228).

Дариға Зияштан үлкен - ді, бұрын-соңды онымен сырласып, мұң шертіспеген (4,155).

// Көп жасап, көпті көрген; тәжірибесі мол; қария.

Күнде түсті осында өткеріп ем,

Мен де сізді осыннан көп көріп ем.

Үлкен адам болғасын, сәлем беріп,

Парызымды өтейін деп келіп ем (1,200).

Анам маған: «Үлкенді сыйла!» деген,

Сол сөз маған ізгілік құйған ерен.

Үлкендерден ауысқан кішілкті,

Үлкендердің өзіне сыйға берем (1,304).

6 . ауыс. Қызметі үлкен, мансапты.

Өз өмірімде одан үлкен адамды көргенім жоқ (4,242).

Үлкен бір жиында, үлкен бір мемлекет адамының алдында аруақ атқыр ахаңның арқасында үлкен бір ұят іс істеппін (4,57).