ШАШ

lat: SHASH

ет. 1. Көп, майда заттарды әр жерге тастау, ыбырсыту ; жаю.

(Сезбейсің-ау өшпегенін отыңның)

Ортасында өзің шашқан қоқымның,

Өзің жоқсың...

Өзіңе ұсап отырмын (1,209).

Қалып шешей етегіндегі шөпшегін шашып жіберіп, мен тұрған қашаға қарай далбаңдап тұра ұмтылды (4,122).

2. Құсқа (тауыққа) жем беру.

Жасыл бақ, тыныш көк пен жер.

Мазасын алып кетпеңдер!

Сәбилер шашқан тарыға, жабыла қонды кептерлер (2,204).

Қанаттарың қыраулап шық басуда,

Келіңдер, нелерің бар ықтасында?!

Қаласаңдар, қонақта иығыма,

Жем шашамын төсіме, шық басыма (2,364).

3. Сұйық затты бүрку, себу, шашырату.

Күркіретіп, дүркіретіп,

мына келген көктем бе?!

Сіркіретіп, бүркіп өтіп,

Әтір шашып кеткен бе? (2,225).

Түйіліп тұрды тастүлек,

Қиылып тұрды жас жүрек.

Құлаштап ақтың күшігі,

Бензінді оған шашты кеп (2,259).

4. Күн нұрын, сәулесін, шуағын төгу; тарату.

Мен таулықпын!

Таудан мен жаратылғам.

Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам.

Күн алғашқы сәулесін маған шашып,
 ;Маған келіп түнейді қара тұман (2,193).

Дүние Майда неге құлпырады?!

Қарашы толықсиды, ұмтылады.

Шуағын шашып тастап жер төсіне,

Шұбатып шуда шашын күн тұрады (2,275).

5. ауыс. Жиған байлығын, дүниесін кім болса соған бере салу, ысырап ету.

Ысырапқор шашқан байлық, тегінде,

Қолдан-қолға өмір сүрер өмірде.

Бір жалт еткен сұлулық пен жас ғұмыр,

Қайта оралмас, мұршасы жоқ келуге (4,11).

Мағынасыз дүние жиып, қайта шашса кімде-кім,

Ізгіліктен құр алақан, жаһаннамда жүргені,

Менсіз де оны ұғындың, сол ғой жаның білгені (5,35).