ШЫҒАР

lat: SHYǴAR

ет. 1. Затты бір нәрсенің ішінен сыртқа алып шығып, көзге көрсету.

Зияш кабинадан басын шығарып , ең соңғы рет қыр басындағы қабірге қарады (4,173).

Ол сумкасынан шампан шығарып , бокал алдыртты да, түтінін бұрқ еткізіп, атып жіберді (4,156).

2. Қызметтен, жұмыстан босатып жіберу.

Кешіккенім үшін жұмыстан шығарып жіберді. Енді мен үшін ең қиын күндер туды (5,225).

Ақырында осы жылғы қаңтарда КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды (5,227).

3. Биікке көтеру, аспандату.

Сіздер сезесіздер ме? Түсінесіздер ме? Сенесіздер ме кісіге Сіздер? Сіздер көтергіш крансыздар: Шығарасыздар да, түсіресіздер де (1,206).

Өздеріңізге белгілі, іздену дегеніміз шыңға да шығарады, шыңырауға да түсіреді (4,265).

4. Шығармаларының баспадан басылып шығуы, жарық көруі.

Бір өлеңімен де бір рет мерзімді баспасөзде көзге түсе қоймаған «Дарын иелері» бірден жинағын шығарып , онысымен де қоймай, енді «таңдамалыларын» бастыруға үміткер (4,275).

Екеуі де бірнеше жинақтарын шығарғанмен, бағыт алып, беттерін түзер аталы сөзге зәру жастар (4,305).

5. Бір нәрсені (ән, өлең, күй т.б.) ойдың көмегімен дүниеге келтіру.

Әнсіз өмір өмір ме, қаңсымай ма,

Өзегіңді өртеп дерт, жаншымай ма.

Махаббатқа арнап бір ән шығарсын,

Шәміл-ау! Шәмші қайда? Шәмші қайда? (2,167).

6. Дыбыс беру, дауыстау.

Тып-тыныш бар табиғат демін алып,

Тәтті бір ұйқыға енді төсек салып.

Өзені қос Шибұттың баяу ғана,

Жалығып үн шығарад талыпалып (1,22).

Боранмен бірге терезе Үн шығарад сықырлап,

Қыс келді ме, немене, Есік қағып: «Тұр-тұрлап»! (1,33).

7. Жұмыртқа басып (шайқап), одан балапан өргізу.

Ғанибет қой, шіркін-ай, шуылдасаң ұлардай,

Қиын екен жалғыздық қияда өскен шынардай.

Жалғыз қайтты сол жылы, жалғыз қайтты жыл құсы,

Жұмыртқа да таба алмай, балапан да шығармай (1,186).

8. Есептің жауабын табу, дәлелдеп беру.Момақан әжетайым менің! Есептеп сын жұмысын шығара алмай отырған оқушыдай екеуіне кезекпе-кезек жаутаң-жаутаң етеді (4,115).

9. ауыс. Етістіктермен тіркесіп келіп, «әдетке айналдыру», «дағдылану» д.м-да қолданылады.

Әйтеуір, сылтау тауып, сауықтан бойын аулақ ұстайтынды шығарған (4,148).

Әшірдің алдында байқап басып, байқап сөйлеуді шығарған (4,152).